А. Балаева: Қазақстан жүйелі экологиялық білім берудің өзектілігін түсінеді
Ташкентте Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне арналған «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі – Балалар мен жастар іс-әрекетте» атты халықаралық форум өтті. Форум климаттың өзгеруінен туындағанжаһандық проблемаларды шешу және жаңа ұрпақтың болашағын қамтамасыз етудегі балалар мен жастардың маңызды рөліне арналған.
Ауқымды шараны «Замин» халықаралық қоғамдық қоры мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырды.
Форумға Қазақстан атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Министр климаттық өзгеру мәселесіне балалар мен жастарды белсенді тартуда форумның маңыздыекенін айта отырып, экологиялық білім беруді отандық және жаһандық деңгейде дамыту, сондай-ақ осы бағыттағы ЮНЕСКО бастамаларын ілгерілету қажеттілігін атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі экологиялық білім берудің өзектілігін түсіне отырып, 2020 жылдан бастап мектептерде «Экологиялық білім» пәнін кезең-кезеңімен енгізуді тапсырды. Бұл жастар мен балаларды қоршаған ортаны аялай білуге үйреткенде ғана адамзаттың болашағынан үміт күтуге болатынын әлем жұртшылығы түсінетінін аңғартады.
Сондықтан олардың экологиялық іс-шаралар мен бастамаларға қатысуын қолдау, өскелең ұрпақты экологиялық проблемалар мен климаттық мәселелерді шешуге тарту маңызды», - айта келе, Аида Балаева климаттың өзгеруі Орталық Азия аймағына қатты әсер етіп, күннің жылынуы үдей түскені және ауа-райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның азаюы мен құрғақшылық туралы болжам жасалғанын атап өтті.
Бұл процестер қазірдің өзінде табиғи ресурстарға, топыраққа, су ресурстарына және ауаның сапасына кері әсерін тигізіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына және аймақтағы өзара саяси іс-қимылға елеулі әсер етуде.
«Осыған байланысты балалар мен жастардың экологиялық ойлауын қалыптастыру алдыңғы кезектегі міндетке айналып отыр. Негізінде біз болашағымызды сақтау туралы айтып отырмыз, себебі балалар мен қоршаған орта оның екі маңызды факторы», - деп атап өтті Аида Балаева.
Форумға қатысушылар экологиялық проблемаларды шешуге балалар мен жастарды тарту, сондай-ақ қоршаған ортаны құрметтеудегі ұлттық, аймақтық және жаһандық күш-жігерді біріктіру үшін озық идеялар мен өзара тәжірибелерімен алмасты.