Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Кәсіби біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өтті

16-11-2023, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кәсіби біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында «Кәсіби біліктілік туралы» заңның орындалу барысы талқыланды.

Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері, облыс әкімдерінің орынбасардары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен жұмыс берушілер қатысты.

Отырысқа қатысушылардың айтуынша, колледждер мен ЖОО-лардың кейбір түлектері меңгерген мамандығы бойынша жұмысқа орналаса бермейді. Жұмыссыз қалып қоятындары да бар. Мұның бір себебі – түлектердің біліктіліктері жұмыс берушілер қойған талаптарға сай келмей жатады. Қазір еңбек нарығының сұранысына сай сапалы кадр дайындау үшін оқу орындары мен кәсіпорындар арасында тығыз байланыс орнату мақсаты тұр.

«Кәсіби біліктілік туралы» заңның аясында отандық сарапшылар кәсіби стандарттар әзірлеп жатыр, білім беру ұйымдары оқу бағдарламасын сол стандарттарға сай етіп келтіруде. Түлектердің меңгерген білімін тәуелсіз Сертификаттау орталықтары бағалап бастады. Міндеттердің осылайша бөлінуі сапалы кадр дайындауға мейілінше сеп болады. Бұл жұмыстың басы қасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған Біліктілік жөніндегі ұлттық орган болмақ.

Бүгінде 200-ден аса стандарт заманға сай лайықталып, жаңадан 20-сы дайындалды. Айта кетейік, бұл жұмыстың барлығы цифрлық форматқа көшкен.

«Келешекте қарастырып жатқан стандарттарымыз қолданыстағы біліктілік анықтамаларын алмастыратын болады. Оның негізінде қызметкердің міндеттері мен еңбекақы көлемі анықталатын болады», — деді Тамара Дүйсенова.

Өзгеріп жатқан трендтер жоғары білім саласына да әсерін тигізуде. Қазірде 2 800-ден аса білім беру бағдарламасы кәсіби стандарттарды ескере отырып әзірленді, оның 166-сы инновациялық болып саналады.

«Қазіргі және келешекте сұранысқа сай болатын кадрларды дайындау үшін аймақтық жаңа мамандықтар атластары әзірленіп жатыр. Олар өңірлердегі еңбек нарығының талаптарын қанағаттандыруға бағытталған», — деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.

«Бұл жұмысымыздың маңызы өте зор. Кәсіби стандарттарға сай білім беріп жатқан оқу орындарына бөлінетін гранттар санын көбейту жағын пысықтауымыз керек. Біздің басты мақсат – оқуын аяқтаған түлектің еш қиындықсыз жұмысқа орналасуына жол ашу. Бұдан барлығы ұтады», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив