Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Индонезияның парламенттік делегациясын қабылдады
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Индонезияның заң шығарушы органының Парламентаралық ынтымақтастық комитеті төрағасының орынбасары Гиланг Дилафарарес бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Индонезия Парламентінің Халық өкілдері палатасының бір топ депутаттары Астанаға қазақстандық әріптестерімен өзара байланыстарды нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында сапармен келіп отыр.
Жылы әрі достық шырайда өткен әңгіме барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, тараптар Қазақстан-Индонезия қарым-қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендіктерін растады.
Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, парламентаралық дипломатияны дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Парламенттік делегацияның өкілдері Астананың ресми тұсаукесері 2024 жылғы 17 тамызға жоспарланған Индонезияның болашақ астанасы - Нусантарамен алғашқы бауырлас қаласы болғанын атап өтті.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары 2024 жылғы ақпанға белгіленген Индонезия Президенті мен Парламенті сайлауының сәтті өтуін тіледі. Аталған іс-шаралар елдің демократиялық дамуы үшін маңызды екенін жеткізді.
Өз кезегінде, индонезиялық депутаттар еліміздің саяси, экономикалық және демократиялық жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екендіктерін білдірді.