Әлихан Смайылов теміржол жүк тасымалындағы кедергілерді жою бойынша пәрменді шаралар әзірлеуді тапсырды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биылғы 10 айда жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаны құрады, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артық. Жыл соңына дейін 300 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Алдағы жылдары еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын, 1300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланған. Атап айтқанда, бұл – Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы.
Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, стансалар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Премьер-Министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымдарды жедел талдап, Көлік министрлігімен бірлесе отырып, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою жөніндегі пәрменді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.