ЦДИАӨМ құрылыс нысандарын пайдалануға беру процесіне ғарыштық мониторинг енгізуді ұсынады
Кезекті Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев мемлекеттік қызметтер сапасын жақсарту тақырыбы бойынша баяндама жасады.
Министр мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсарту үшін министрлік қандай шаралар қабылдап жатқаны туралы айтып берді. Оның сөзінше, жалпы қызметтердің 93%-ы электрондық түрде көрсетіледі.
Өткен жылмен салыстырғанда тек смартфон арқылы алатын қызметтердің саны биыл 6 есеге өсті. Kaspi, Halyk сияқты танымал қосымшаларда 50-ден астам қызмет көрсетіледі. Оларды саны 33 млн-ға жетіп, 3 есе өсті.
«Біз проактивтік қызметтерді де дамытып жатырмыз. Проактивтік дегеніміз не? Ол – азаматтардың жүгінуін күтпей, айтқызбай, мемлекеттің өзі ұсынатын қызметтер. Олардың түрі 40-қа жетіп, саны 2 млн-нан асты. Биометриялық растау және QR-мен қол қою арқылы электрондық қызметті алуды одан сайын жеңілдеттік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісі бойынша онлайн-сервис көрсету жағынан Қазақстан дүние жүзінде – 8-орында. Әрине, біз бұнымен қанағаттанып қалмаймыз. Жұмысты одан әрі жетілдіре береміз», — деді министр.
Президенттің тапсырмасы бойынша азаматтардың қатысуымен фокус-группалар құрылды. Олар әрбір мемлекеттік қызметті талдап, халыққа көрсету процестерін қайта қарауға көмектесуде. Бұл жұмыс 3 бағытта жүріп жатыр:
- адамдардың мемлекеттік органдарға бару міндетін барынша азайту;
- құжаттарды талап етуді қысқарту;
- азаматтарымызды артық іс-қимылдан босату.
Мысалы, 9 нақты өмірлік жағдай талданды. Нәтижесінде:
– мемлекеттік органға бару саны 119 дан 21-ге дейін;
– талап етілетін құжаттар түрі 102-ден 11-ге дейін;
– жалпы қадамдар саны 600-ден 170-ке дейін азайды.
Осы жұмыс жалғасып жатыр. Мұның бәрі мемлекеттік қызметті алу процесін жеңілдетіп, қазақстандықтарды әуреге салмайтыны сөзсіз.
«Мысалы, дүниеге сәби келді дейік. Туу туралы куәлік пен пособие алу үшін оның анасы бұрын не істейтін? Сол баланы қолына алып, ЦОН-ға баруға мәжбүр болатын. Одан соң пособия алу үшін бірнеше өтініш жазып, 2 аптадай түрлі мекеменің табалдырығын тоздыратын», — деді министр Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, қазір еш жаққа барудың, өтініш жазудың қажеті жоқ. Мемлекет SMS арқылы анасын құттықтап, балаға ат қоюды сұрайды. Сөйтіп, ЖСН де, туу туралы куәлігі де, жәрдемақылар да дайын болады. Келесі ретте перзентханадан шыққан соң жайлы патронаттық медбикеге SMS жібереледі.
Жыл сайын 400 мыңға жуық бала туылса, қазір олардың 68%-ына қызметтер проактивті-онлайн форматта ұсынылады. Big data мүмкіндіктері де қолданып жатыр.
Бүгінде 6,3 млн отбасының деректері цифрланды. Сол арқылы адамдар қай қызметті ең көп сұрайтыны белгілі болды. Олар: әлеуметтік маңызы бар 18 қызмет, көп балалы отбасыға, мүгедектігі бар адамға, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мен төлемдер. Бұл қызметтер проактивті түрде көрсетіледі. Олар қатары 800 мыңдай.
Алайда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бір үлкен проблема бар – ол базалардағы қателер. Әр органға өзіне жүктелген базадағы деректерді тексеріп, шындыққа сай келтіруді тапсыру керек.
Одан кейін министр Big data-ның тағы да бір мүмкіндігін айтты.
«Жыл сайын бір жерден екінші жерге 50 млн анықтама тапсыру қажет болатын. Соны цифрлық форматқа көшірдік. Бірақ анықтаманы негізсіз талап ету әлі де орын алуда. Көбінесе, оны сұрайтын – мектеп пен жұмыс берушілер. Келесі жылы өкілетті екі министрлікпен бұл проблеманы толық шешеміз деп отырмыз. Анықтаманы заңсыз талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді сұраймыз», — деді Б. Мусин.
Бір кейс. Жылда 106 мың студент оқу орнынан, емханадан анықтама алып, әскери комиссариатқа тапсыруға 2 апта жұмсайтын. Енді студент статусын дәлелдеудің қажеті жоқ. Үш министрліктің базаларын интеграциялап, студенттер анықтама жинамай-ақ, автоматты түрде әскерден босатылады.
Сонымен қатар бірқатар цифрлық сервис енгізілді. Олар былтыр енгізілсе де, халықтың үлкен сұранысына ие болып кетті. Әділет министрлігімен сенімхаттардың 5%-ын цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жұмыс жалғасуда. Автокөлікті тіркеудің 55%-ы онлайн форматта жасалады. Бұл – Ішкі істер министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының ортақ жұмысы. Ипотеканың 67%-ы банктерде онлайн тіркеледі. «Электрондық үкімет» әр азаматты туған күнімен құттықтауды немесе құжаттардың мерзімі аяқталып қалғаны туралы алдын ала хабарлауды үйренді.
Осымен шектеліп қоймай, басқа салалардағы сұранысқа ие қызметтер де қолға алынды. Мысалы, зейнетақы тағайындау процесі өзгертіліп, келесі жылы мүлдем жаңа форматта жүргізілмек. Сонымен қатар жұмысқа тұру кезінде талап етілетін анықтамалардың 12 түрін жою, интернетке қосылу, декларация тапсыру, балабақшаға кезекке тұру сияқты жобалар әзірленуде.
«Пилоттарды сапалы және уақытылы енгізуді мемлекеттік органдардан сұраймыз», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Жылжымайтын мүлік – отбасының тірегі. Сондықтан осы салаға аса көңіл бөлінді. Біріншіден, жылжымайтын мүлікті, мысалы, үйді, пәтерді, кеңсені сатып алғанда немесе сатқанда бұрынғыдай нотариуске, ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ болады. Мұндай онлайн-сервис Blockchain және биометриялық сәйкестендіру технологиялары арқылы көрсетілетін болады. Әр мүлік бойынша жасалатын іс-әрекеттер, бейнежазбалар «Электрондық үкіметте» сақталады. Сөйтіп, бірнеше күн алатын процесс 1 сағаттың ішінде бітетін болды.
Екіншіден, қазір құрылыс обьектісін тіркегенде ол шын мәнінде бар ма, жоқ па, оны ешкім тексермейді.
«Біз Ақтөбеде мынадай тәжірибе жасадық. Тіркеуден өткен объектілердің бәрін ғарыштық мониторинг арқылы тексеріп көрдік. Нәтижесінде 20 учаске бос жер болып шықты. Онда ешқандай мүлік жоқ, ешнәрсе салынбаған. Осындай фактілерді жою үшін құрылыс обьектілерін іске қосқанда міндетті түрде ғарыштық мониторингті қолдануды ұсынамыз», — деді Бағдат Мусин.
Осы бағыттағы тағы бір жоба – I-Qala. Қазір жаңа үй иесі коммуналдық қызметтерге қосылу үшін әрбір сервистік компанияға барып, әрқайсысымен жеке-жеке шарт жасауға міндетті. Жыл сайын 700 мыңдай адам осындай әуреге түседі. Оған азаматтар 30 күнге дейін уақытын жұмсайтын.
Министрдің айтуынша, осы жағдай өзгертіліп, өте жеңіл формат енгізіліп жатыр. Ол бойынша жаңа пәтер иесіне SMS келіп, барлық коммуналдық шарт онлайн түрде жасалады. Бұрынғыдай кемінде бес компанияны аралап жүрудің қажеттілігі жойылды. Осы жаңа сервис Астанада енгізілді. Оны 80 мың адам пайдаланды. Енді Алматыда да іске қосылмақ. Б. Мусин осыны бүкіл республикаға тарату қажеттігін, ол үшін әкімдіктер тезірек қимылдауы тиіс екенін айтты.
E-Otinish платформасы «жасырын» қызметтерді анықтауға мүмкіндік берді. Тек биылдың өзінде 200 жасырын қызмет анықталып, олар мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізіліп жатыр. Министрдің сөзінше, ең маңыздысы – шалғай ауылда тұратын халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Жалпы ауыл тұрғындарының цифрлық сервистерді қолдануы жыл сайын өсіп келеді. Дегенмен проблемалар бар. Сондықтан ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазпоштамен бірге 200 ауылда жергілікті бөлімшелер арқылы мемлекеттік қызмет көрсету қолға алынды.
Бүкіл ауылдарды осындай қызметпен қамту үшін «Самұрық-Қазына» және «Қазпошта» компаниялары ауылдық пошта бөлімшелерін жөндеп, жағдай жасауы керек. Министрдің сөзінше, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру – басты мақсат. Қазір жас баладан бастап зейнеткерге дейін әр азамат әлеуметтік желілер, WhatsApp немесе Telegram мессенджерлерін пайдалана алады. Сол сияқты қызметтер түсінікті және оңай болуы тиіс.
«Цифрлық форматта болса да, кейбір қызметтерді алу қиындықтары бар. Мысалы, қазір әр пайдаланушы электрондық қолтаңбаны алу, оны компьютерге орнату, құпиясөзін ұмыту сияқты қиыншылықтарға тап болады», — деді Б. Мусин.
Ол үшін, біріншіден, қызметтерді барынша смартфон немесе проактивті түрге көшіру, сұраныстарды тек биометрия немесе QR арқылы растау әр салада енгізілетін болады.
Екіншіден, азаматтардың талап-тілектерін ChatGPT сияқты жылдам әрі сапалы орындау үшін жасанды интеллект технологиясы да енгізілуде. Бұл күні-түні азаматтардың құжаттарын рәсімдеуге, жалпы барлық сұраққа жауаптарды, қызметтерді тікелей чатта алуға мүмкіндік береді.
Үшінші басты бағыт – бизнесмендерге арналған сервистерді дамыту. Азаматтардың өмірлік кезеңдері сияқты бизнес жүргізуде кездесетін жағдайлар қайта қаралады, қызметтер мен сервистердің жаңа форматы енгізіледі.
Осылайша, цирфлық сервистердің санын көбейту ғана емес, мемлекеттік органдармен бірлесіп, ескі процестердің реинжинирингін және әр бағытта жаңа технологияларды енгізу жұмыстары жалғасатын болады.
Әрі қарай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев тақырып бойынша баяндама жасады.
«Мемлекеттік корпорация – электрондық үкіметтің бір бөлігі. Электрондық қызметтер санының өсуіне қарамастан, халыққа қызмет көрсету орталықтары әлі де сұранысқа ие. Азаматтарды электрондық қызметтермен қамту үшін барлық орталықта өз-өзіне қызмет көрсету секторлары жұмыс істейді. Бұл секторларда азаматтар қызметтерді өздері немесе операторлар көмегімен ала алады», — деді Арман Кенжеғалиев.
Осы жылдың 9 айында өз-өзіне қызмет көрсету аймақтарында 14,2 млн қызмет көрсетілді. Сондай-ақ мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметтер саны жыл сайын артып келеді. Алайда мемлекеттік корпорацияның инфрақұрылымында айтарлықтай өзгерістер жоқ.
А. Кенжеғалиевтің мәліметінше, еліміз бойынша барлығы 332 орталық, 670 бэк-офис, 27 мамандандырылған орталық, 25 автодром, 5 көші-қон орталығы жұмыс істейді. Шалғай ауылдарда қызметтер 33 мобильді және 200 пошта бөлімшесі арқылы көрсетіледі.
«2021 жылы біз қызмет көрсету орталықтарының концепциясын қайта қарастырып, халыққа арналған жайлы цифрлық кеңселерге ауыстық. Цифрлық кеңселер Кайдзен әдістемесі бойынша аймақтарға бөлініп, клиенттер үшін жайлы жағдай жасауға және қағазсыз қызмет көрсетуге бағытталған. Биыл осындай кеңселердің санын 45-ке, ал 2025 жылдың соңына дейін 115-ке жеткізу жоспарланып отыр», — деді Арман Кенжеғалиев.
Әрі қарай мемлекеттік корпорацияның басқарма төраағсы процестерді цифрландыру жобаларына тоқталып өтті.
Бірінші жоба – құжаттандыру терминалдары. Олар арқылы паспортқа немесе куәлікке 5-10 минут ішінде тапсырыс беруге болады. Биометрия және QR төлемі сервистері қолданылады. 9 ай ішінде Астана мен Алматыдағы 12 терминал арқылы 11,5 мыңнан астам өтініш қабылданған. Келесі жылы республика бойынша тағы 26 терминал орнатылмақ.
Екінші жоба – қағаз айналымын барынша азайту. Барлық қызметтен соң қолхат беру тоқтатылды. Қолхаттар мен 78 қызмет бойынша өтініштер электрондық форматқа көшірілді. 49 қызмет бойынша нәтижені SMS-пен, яғни орталыққа бармай-ақ алуға болады. Бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады.
Үшінші жоба – 24/7 постаматы. Постамат арқылы қызметтің нәтижесін тәулік бойы алуға болады. Астана қаласында пилоттық постамат орнатылып, ол арқылы 1 734 құжат берілді. Жылдың соңына дейін 9 өңірде тағы 14 постамат орнату жоспарланып отыр.
Баса назар аударатын саланың тағы бірі – жүргізуші куәлігін беру. Осы жылдың 9 айында 1,3 млн жүргізуші куәлігі берілді. Биыл Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар іс-шара жүргізілді.
Біріншіден, теориялық емтихан тапсыру процесі қайта қаралды. Осы жылдың 16 қазанынан бастап теориялық емтихан қабылдау «Жол жүру ережесі 3.0» ақпараттық жүйесінде іске асырылуда.
«Енді теорияны тапсыру үшін биометриядан өту керек, барлық процесте аудио-бейне жазба жүргізіледі, сондай-ақ автоматтандырылған прокторинг жүйесі іске қосылды. Жүргізуші куәлігіне өтінішті қалыптастыру кезіндегі барлық дерек ақпараттық жүйелерден алынады. Сондай-ақ YouTube-те және мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарының күту залдарында емтихан тапсыру процесінің онлайн-трансляциясы жүргізіледі», — деді Арман Кенжеғалиев.
Жалпы инновациялардың арқасында теориялық емтиханнан сәтті өткендердің саны күніне орташа есеппен 3 есеге азайды. Алайда емтихан тапсыруға көмектесетін жабдықтарды пайдалану фактілері әлі де анықталып жатыр. Әрбір факті бойынша шаралар қабылданып, емтихан нәтижелері жойылды, қатысы бар жұмыскерлер жауапқа тартылды. Тиісті материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен шаралар қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.
Екіншіден – практикалық емтихан тапсыру инфрақұрылымын жақсарту. 21 автодромның жабдықтары жаңартылды, ескірген магниттік датчиктер GPS жүйелеріне ауыстырылды. Тағы 6 қалада автодромдар салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар электронды өтініштерді беру және емтихан тапсыру кезегін брондау іске қосылды. Сондай-ақ автодромдарға қойылатын талаптар 1 гектардан 0,3 гектарға дейін төмендетілді, бұл автодромдарды салу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
2021 жылы 1414 бірыңғай байланыс орталығы Мемлекеттік корпорацияның қарамағына берілді. Биылғы 9 айда 26 млн өтініш қаралды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 млн-ға артық. Қоңырау шалу бойынша көрсеткіштер жақсарды. Барлық дауыстық қоңыраулар роботқа қосылды. Сұранысқа ие 50 қызмет бойынша кеңес беру және құжаттардың дайындығын тексеру сияқты күнделікті сұраныстар автоматтандырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 16 қазаннан бастап отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 байланыс орталығы іске қосылды. Көмек тәулік бойы, үзіліссіз және демалыссыз көрсетіледі.
«Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті, сондай-ақ қызметтердің сапасын жақсарту бағытында жұмысты жалғастыруға және азаматтарымыз үшін қолайлы қызмет көрсетуге ниеттіміз», — деді Арман Кенжеғалиев.