Мәжілісте ЕАЭО туралы шарт ратификацияланды
Мәжіліс депутаттары Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартты ратификациялады.
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққаливе атап өткендей ЕАЭО туралы шартқа барлығы 106 түзету енгізіледі. Түзетулер техникалық реттеуге, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шараларға, макроэкономикалық саясатқа, көлікке, жанама салықтар салуға, сыртқы сауда саясатына қатысты.
«ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттегі педагогика және заңгер қызметі бойынша қызметкерлер үшін білім туралы құжаттарды растау талаптары алынып тасталады. Бұл осы санаттағы еңбек мигранттарының еркін қозғалуына мүмкіндік береді. . Еуразиялық экономикалық одақ органдары қабылдаған актілерінің іс жүзіндегі әсерін бағалауды жүргізу механизмі енгізілуде», - деді Арман Шаққалиев палатаның жалпы отырысында.
Оның айтуынша Одақ органдары актілерінің жобаларына реттеуші әсерді бағалау ғана жүргізілуде. Мұндай актілерді қабылдамас бұрын, алдында олардың бизнеске қандай да бір әсері бағаланады.
«Жаңа құрал, Комиссияның қабылданған шешімдеріне қатысты іс жүзіндегі әсерді бағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда, қолданыстағы шешімді қайта қарау туралы ұсыныс қабылдануы мүмкін. Сондай-ақ, ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық шарттардың жобаларына қатысты реттеуші әсерді бағалау (РӘБ) енгізілуде. Бұған дейін халықаралық шарттардың жобалары РӘБ рәсімдерінен өтпеген», - деді Министр.
Сондай-ақ демпингке қарсы қайта тергеу механизмі қарастырылуда. Мұндай тергеп-тексеру, егер үшінші елдің өндірушілері экспорттық бағаны төмендетсе жүзеге асырылатын болады, бұрын қабылданған демпингке қарсы шара мүше мемлекеттердің экономикалық секторына келтірілген залалды жоймайды. Енді демпингке қарсы баж көлемін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда.
Бәсекелестік қағидаларын сақтау саласында Комиссия шешімдерін орындамаған жағдайда, айыппұл енгізу көзделеді. Арман Шаққалиев атап өткендей, бүгінгі күні құқық бұзушылар трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған мінез-құлық шарттарын сақтамауы мүмкін.
«Фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электрондық түрде ресімдеу мүмкіндігіне жол беріледі. Бұрын тек қағаз жүзінде ғана мүмкін болатын. Сонымен қатар, «өнімнің шыққан жерінен дүкен сөрелеріне» дейінгі жеміс-көкөністердің тауарлар партиясын цифрлық қадағалау механизмі енгізілуде. Оны қадағалау ұлттық ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылатын болады. Әр партия үшін бірегей сәйкестендіру нөмірі қалыптастырылатын болады», - деп қорытындылады Министр.