Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар12°С
480.5 534.22 5.18

Қазақстан мен Латвия арасындағы саяси консультациялар екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынын растады

24-11-2023, 14:22 Сабина Әлібек

Ригада өткен сыртқы істер министрліктер арасындағы саяси консультациялар барысында Қазақстан мен Латвия жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ұмтылысын  растады. 

Келіссөздерде қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, латвиялық делегацияны Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысының орынбасары – Саяси директоры Анджей Вильямсон басқарды. 

Консультациялар барысында тараптар екі тарапқа да мүдделі екіжақты ынтымақтастықтың көптеген мәселелері бойынша «сағат теңестірді». БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында, сондай-ақ Еуропалық одақпен өзара іс-қимыл желісі арқылы Астана мен Рига арасындағы өзара әрекеттесуді одан әрі нығайту мәселелерін талқылауға ерекше назар аударылды. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. 

«Қазақстан Латвия Республикасымен достық және тең құқылы серіктестік рухындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ерекше мән береді. Қазақстан мен Латвия басшылығының саяси ерік-жігерінің арқасында елдеріміз арасында жан-жақты ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз қаланды», – деді Р. Василенко. 

Қазақстандық дипломат Латвия тарапын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында белгіленген жаңа экономикалық басымдықтар туралы ақпараттандырды. 

А. Вильямсон Латвияның екіжақты өзара әрекеттестіктің барлық спектрі бойынша Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты құруға мүдделі екенін растады. 

Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықты талқылау барысында сауда саласындағы оң қарқын атап өтілді: 2023 жылдың
9 айында тауар айналымы 257 млн ​​АҚШ долларын құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76%-ға жоғары (145,9 млн АҚШ доллары). Латвиядан Қазақстанға құйылған инвестиция 2022 жылы 54%-ға өсіп, 52,5 млн АҚШ долларын құрады. 

Іс-шара соңында делегация басшылары екіжақты консультацияларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін баса айта отырып, сыртқы саяси ведомстволар арасында тығыз сұхбатты жалғастыруға келісті. 

Ригаға жұмыс сапары барысында Р. Василенко сондай-ақ Көлік министрлігінің Мемлекеттік хатшысының орынбасары – Қазақстан-Латвия көлік жөніндегі жұмыс тобының тең төрағасы Улдис Рейманиспен кездесуді өткізді. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив