Ұстаз. Ғалым. Тәлімгер.
Әйгілі ағылшын физик-теоретигі Стивен Хокинг: «Менің мақсатым өте қарапайым: мен ғаламды түсінгім келеді, неге, ол қалай реттелген және неге біз осындамыз?» - десе, ХІХ ғасырда Абай: «Дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп тоқетерін айтады, ал Шәкәрім болса: «Ақылды жанның мүлкі – әлем» деп тұжырымдайды.
Адамзат қоғамының даму сатысында әрбір халық заман талабына сай өзінің ойшыл, терең білімді, дарынды, көреген, батыл мінезді тұлғаларын өмір сахнасына әкеледі.
Бүгін саналы ғұмырын білім мен ғылым жолына арнап, іскерлік дарынымен танылған көрнекті ұстаз, ғалым, Шәкәрім университетінің профессоры, физика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы Маусымбаев Серікбай Сәлімбекұлы жайында қалам тербетпекпін.
Білікті де білгір физик-теоретиктің есімін естімеген мамандар кемде-кем шығар... Ұстазымыздың еңбегі – елдің жүрегінде, шәкірттердің тілегінде!
Ғалымның есімі шетелдік әріптестерімізге де кеңінен белгілі. Ашық энциклопедияда жарияланған категориялар құрамында да ғалымның есімі жиі кездеседі: «ХХ ғ. физиктері», «ХХІ ғ. физиктері», «Кеңестер Одағы физиктері», «Қазақстан физиктері ТОП-20». Серікбай Сәлімбекұлы классикалық және кванттық физикадағы заманауи тақырыпты таңдап, аспирантураның үш жылында ғылыми мақалалар жазып, айқасқан біртекті магнит өрісі мен біртекті емес электр өрісіндегі зарядталған бөлшектердің релятивтік емес, релятивтік қозғалыстарын Ньютон, Гамильтон-Якоби, Шредингер, Паули, Клейн-Гордон-Фок, Дирак теңдеулері арқылы қарастырып, шешімін тапқан ғалым.
Ғалымның физикаға деген бейімділігі мен құштарлығы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетінен бастау алады. Ол танымал М. Әбділдин, П. Полатбеков, С. Исатаев, Қ. Қабдыкаиров, Б. Баймуханов, М. Жусуповтар сияқты білікті ұстаздардың дәрістерін тыңдап, ғылыми-педагогикалық қырларын қалыптастырды.
1970 жылы университетті «теориялық физика» мамандығы бойынша бітірген С.С. Маусымбаев министрліктің жолдамасымен Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының физика кафедрасына оқытушы болып орналасты. 1972-1975 жылдары Серікбай Сәлімбекұлы Т.Г. Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінде аспирантурада оқиды және 1976 жылы физика-математика ғылымдарының докторлары, профессорлар В.И. Воронцов (Киев университеті) және Ю.Т.Павленконың (Москва университеті) жетекшілігімен «Біртекті магнит және біртекті емес электр өрістеріндегі зарядталған бөлшектердің қозғалыс және сәуле шығару теориясы» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғайды.
Жас ғалым ретінде аспирантурада оқыған жылдарында Киев пен Москвада дүниежүзіне әйгілі физик-теоретиктер, академиктер Я.Б. Зельдович, А.С. Давыдов, С.И. Пекар, профессорлар А.А. Соколов, В.В. Балашов, А.М. Федорченко сынды ғалымдардың дәрістерін тыңдауға мүмкіндік алған. Мұндай бақ кез-келген ғалымның маңдайына бұйыра бермейтіні анық!
Профессор Серікбай Сәлімбекұлы – кіндігін туған жеріне байлап, тағдырын тарихи білім ошағына арнаған тұлға! Ұстазымыз қазіргі Семей қаласының Шәкәрім атындағы жоғары оқу орнында 50 жылдан артық жұмыс істеп келеді, оның ішінде 10 жыл оқу және әлеуметтік-экономикалық істер жөніндегі проректоры, 31 жыл физика кафедрасының меңгерушісі және оқытушылық қызметін абыроймен атқаруда.
Маған 1999-2003 ж.ж. аралығында Серікбай Сәлімбекұлының шәкірті болу бағы бұйырды. Тәлімгер «Кванттық физика» пәні бойынша білімімді толықтырып болашақта ғалым болуыма ықпал етті. Астана қаласының Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-не магистратураға түсуіме себепші болған осы ҰСТАЗЫМ!
Екі ғасырдың да жоғары дәрежелі физик-теоретиктер қатарынан көрінген Серікбай Сәлімбекұлынан тәлім-тәрбие алып, өмірге қанат қаққан мыңдаған шәкірттеріңіздің алды – бүгінде отандық, шетелдік білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан танымал ғалымдар.
Осындай кең тұлғалы арда азаматтан, нағыз ғалымнан білім алғанымызға мақтанамыз!