Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Shakarim University ректоры Думан Орынбековпен сұхбат

23-10-2023, 11:43 018.kz

Shakarim University – Абай еліндегі тоқсан жылға жуық тарихы бар, іргетасы 1934 жылы қаланған көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі. Осы орайда университеттің бүгінгі тынысы мен болашақтағы жоспарлары туралы университет басшысы Думан Орынбековтан сұхбат алған болатынбыз.

- Қайырлы күн, Думан Рымғалиұлы! Туған өлкеңіз, қасиетті қара шаңырағыңызға қош келдіңіз! Сіз осы жерден түлеп ұшып, оқытушы, бөлім басшысы қызметтерін атқардыңыз. Жалпы, бүгінгі Шәкәрім шаңырағының тынысы мен болашағы турасында аз-кем айтып өтсеңіз.

- Шәкәрім университетінің кешегі білім алушысы, бүгінгі басшысы ретінде айтарым, ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мінезің - сенің тағдырың» деген екен. Өзімнің білім ордама келу – бұл менің маңдайыма жазылған бақ, әрі үлкен жауапкершілік.

Шәкәрім университеті – бұрынғы педагогикалық, зооветеринарлық және технологиялық, экономикалық институттарының бірігуімен құрылған ЖОО. Білім ордасының 150 мыңға тарта түлегі елімізге, алыс-жақын шет елдерде абыройлы қызмет атқарып, танылған тұлғалар.

Қазіргі таңда оқу орнында 5 факультетте, 45 бакалавр, 34 магистратура, 10 докторантура, 9000-ға жуық білім алушы, 1000-нан аса қызметкер бар. 

- Университеттің көрсеткіші – білімді студенттерде екендігі анық. Жалпы, сапалық мәселесіне қаншалықты дем қоясыздар?

- Білім мен ғылымның киелі ордасына айналған университеттің бүгінгі миссиясы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман, яғни, Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру. Жыл сайын жаңарып, түлеп, біліктілігі артып келе жатқан, ауызбірлігі ұйыған ұжым әр студенттің келешекте кемел адам болып шығуына бар ынта-жігерін жұмсауда. Осы ретте, биылғы жылы өңір аумақтарында дарынды студенттердің ағыны бас қалаларда екендігі байқалды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлік ЖОО-на педагогикалық, технологиялық, ауыл шаруашылық бағыттарында квота бойынша грант санын бөлді. Бүгінде Шәкәрімге жоғары колледжді есептегенде 3400-ге тарта білім алушы түсті. 50-ге жуық алтын белгі иегерлері Шәкәрімді таңдады. Бұл өңірлік университет үшін таптырмас мүмкіндік. Себебі, білім алушылар Алматы, Астана қалаларына ағылуда. Осы бағдарлама аясында бірқатар студенттер бізді таңдауға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Маңғыстау, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан, Қызылорда және т.б. облыстардан келгендердің қарасы біршама артты, алдағы уақытта 500 орындық студенттер үйін салу жоспарда бар.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес осы жылы «Shakarim High School» жоғары мектебі 10-11 сыныптар бойынша өз жұмысын бастады. Жоғары мектепте білім алушылар ерте жастан бастап студенттердің қатарында өздерін еркін сезініп, үздік профессорлар мен оқытушылардың дәрістеріне, тәжірибе жұмыстарына, ғылыми жобаларға  қатыса алады. Түрік және ағылшын тілдерін шетелдік оқытушылардан оқуға мүмкіндік алады. Мектептің материалдық - техникалық базасы заман талабына сай қамтылған. Оқушылар өздері таңдаған үйірмеге жазыла алады. Оның ішінде шахмат, гимнастика, волейбол, футбол, фортепиано, домбыра, актерлік шеберлік, би, дизайн, робототехника бар.

Жылдамдық пен тиімділік білім саласында үлкен рөл атқарады. Ғылым мен ақпараттың тез жаңаруы, мамандардың білімінің де өзектілігін жоғалтуына әкеліп, нәтижесінде жұмыс берушілер тарапынан сұраныс төмендеу қаупі бар екендігі мәлім. Тиісінше, талапкерлер қажетті білім мен дағдыларды мүмкіндігінше тез алуға тырысады. Жеделдетілген білім беру барған сайын танымал оқыту әдісіне айналуда. Сондықтан нарық талабына сай қажетті мамандарды даярлауда, Шәкәрім университеті өңірлік ЖОО арасында алғашқылардың қатарында болып, 3 білім беру бағдарламасы бойынша 3 жылда білікті маман иесі атануға мүмкіндік ашты. Студенттер бүгінгі таңда аталған білім бағдарламасы аясында жаппай білім алуда.

Сонымен бірге, білім ордасына жаңа оқу жылынан бастап Science professor лауазымы енгізілді. Лауазымды енгізудің мақсаты – ғалымдар, оның ішінде жас ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу қызметін дамыту және қолдау, университеттің ғылыми әлеуетін күшейту, өңірдің өндірістік қызметіндегі технологияларды коммерцияландыру. Артықшылығы жалақы 500 мың, екі есе азайтылған педагогикалық жүктеме, осылайша ғылыммен айналысуға толығымен жағдайлар қарастырылған.

- Мемлекет басшысы шетелдік ЖОО-ның филиалын ашу керектігін айтты. Шәкәрім университеті бұл тапсырма аясын қалай орындауда?

- Шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты дамыту біздің университетіміздің басты стратегиялық бағыттарының бірі.  Оңтүстік Корея, Польша елдерінің шетелдік ЖОО-мен қос дипломды білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асырудамыз. Мәселен, биылғы жылдан бастап Шәкәрім университеті Польша елінің Быдгощ қаласындағы Экономика университетімен бірлесе отырып, қос дипломды білім беру бағдарламаларына студенттерді қабылдады. Бұл қазақстандық дипломмен қатар Еуропалық университет дипломын алудың бірегей мүмкіндігі! Себебі, дәл осындай білім беру бағдарламасы Қазақстанның бірде-бір ЖОО-на жоқ. Студенттер аталған бағыт бойынша «Спорт менеджері және рекреация» білім беру бағдарламасы аясында білім алады. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласы аясында шетелдік филиал ашу мәселесін де қарастырып жатырмыз.   

Университетте түрлі бағдарламалар бойынша еріктілер қызмет атқарады. Өткен оқу жылында университетте Германия, АҚШ, Түркия және Канададан 4 ерікті жұмыс істеді. Еріктілердің арқасында университет студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері үшін ағылшын және түрік тілдерінен тегін тілдік курстар ашылды.     

2023-2024 оқу жылына АҚШ, Корея Республикасы және Түркия елшіліктерінің бағдарламасы бойынша 3 еріктіні шақыру жоспарланған. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің оқу процесіне шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша 2022 жылы университетке 5 гранттық орын бөлініп, барлық орындар игерілді. Шақырылған 5 ғалымның барлығында Хирш индексі жоғары болды. Биыл осы бағдарлама бойынша 4 гранттық орын бөлінді, барлық орындар бойынша келісімшарттар жасалды, ғалымдар белгіленген мерзімге сәйкес келді.

- Шәкәрім университеті 70 жылдан астам аграрлық салада студенттерді даярлап келеді. Тақауда ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа мүмкіндіктері жайында айтты. Ендігі Шәкәрім шаңырағы қандай жаңашылдық алып келмек?

- Президент осы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының көптен бері шешілмей келе жатқан бірқатар күрделі мәселесін ашып айтты. Ауыл шаруашылығын ғылымға сүйеніп дамытпаса, тоқырауға ұшырайды деген үлкен мәселе көтерілді. Агроғылым дамыса, шаруалар жылда қайталанып жатқан қуаңшылыққа тәуелділіктен арылады. Қуаңшылықты тек жоғары технология мен ғылым ғана жеңе алады. Білім ордасы өңірдің инновациялық дамуында ғылымның нақты сектормен байланысын қалыптастыратын экожүйе құруды жоспарға алды. Бұл міндетті тиімді шешуге университеттің ғылыми әлеуеті жеткілікті, ғалымдарымыз дайын!

- ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық ғылымды дамытуға көп қаражат бөледі. Министрлікте қызмет атқарған басшы ретінде білім ордасының ғылым саласын айтып өтсеңіз?

- Мемлекетіміздің саясатында ғылым мен технология, инновациялық даму – ел экономикасын өркендетудегі басым бағыттарының бірі. Еліміз отандық ғы­лымның дамуына әрдайым қолдау көрсетеді. Отандық ғылым өз кезегінде мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін өндірістің жаңа технологияларына бағытталуға тиіс.

Шәкәрім шаңырағының профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті зор. Университет ғалымдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Абай облысы бойынша тұтас инновациялық экожүйе құру мәселесін қолға алмақшы. Мәселен, Алакөл алабының табиғи, тарихи, мәдени ландшафтық әлеуетін кешенді-салыстырмалы талдау, өңірде рекреациялық туризмді дамытудың тиімді тетіктерін әзірлеу және оны практикаға енгізу аясында қызмет атқаруда. Бұл зерттеу Абай өңірінде, жалпы Қазақстанда  ерекше қажеттілігі бар туристерге қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетудің сапасын арттыру бойынша бірыңғай моделін дайындауда септігін тигізеді, Алакөл алабының табиғи рекреациялық  ресурстарын ұтымды пайдаланудың аймақтық жүйесі әзірленеді. Сонымен бірге Абай облысында болған өрт салдарын азайту мақсатында Ертіс өңірінің ормандарындағы ірі алаңды өрттерде қарағай экожүйелерін қалпына келтіру бойынша да зерттеуді жоспарлауда. Сондай-ақ, Абай облысының кешенді тарихи-археологиялық жағынан зерттеу, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы аумақтарын радиоэкологиялық және экологиялық аймақтарға бөлу, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының радиациялық тәуекел аймақтарында тұратын қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғаудың озық технологиялары сынды зерттеуді қолға алмақшы. Бұл аймақты жан-жақты зерттеу тарихи-мәдени процестерді түсіну және қайта құру үшін тас дәуірінен орта ғасырларға дейінгі Еуразия далалық аймағының археологиялық мәдениеттерін қосу өте маңызды. Аталған жобалардың жалпы сомасы 3 млрд.-қа жуық теңге көлемін құрайды.

Келер жылға мақсат-міндеттеріміз көп. Соның ең бастылары, қос дипломды білім беру бағдарламаларының санын арттыру, Батыс Еуропа елдерінен шетелдік ғалымдар мен еріктілерді тарту, QS World University Rankings 2025 жүйесіне кіру, «Шәкәрім университетінің хабаршысы», «Техникалық ғылымдар сериясы» және «Шәкәрім» журналын қайта жандандыру. Бұл журналдарда техника, педагогика, ауыл шаруашылығы, экономика және т.б. салаларына елеулі үлес қосқан, есімдері әйгілі ғалымдардың ғылыми мақалалары жарық көрген.

- Думан Рымғалиұлы, университеттегі әлеуметтік қолдау, тәрбие мәселелеріне тоқталып өтсеңіз...

- Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов  «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген. Демек, жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі біздерде әлдеқашан өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Біздің де университетіміздің өзіндік бір кодексі бар. «Шәкәрім парасаттылық ордасы» жобасы аясында да кешенді жұмыс төрт бағытта жүргізілуде. Бірінші, академиялық процесті ұйымдастыру мен қаржыландыруда әділ шешім қабылдау мақсатында алқалы органдарға сүйенеді. Екінші, «Бір терезе» қағидасын ұстану. Үшінші, адалдық принциптерін сақтау. Төртінші, студенттер мен қызметкерлер арасында адалдық мәдениетін қалыптастыру. Бұл тұрғыда студенттер тарапынан «Саналы ұрпақ» клубы нәтижелі жұмыс жасауда.

Студент ол – жас ғалым, жас ізденуші. Университет тарапынан жастарды тыңдауға, ұсыныстары мен пікірлерімен санасуға баса назарда ұстаймыз. Жастарға еркіндік сезімін ұялату арқылы дұрыс шешім қабылдауға үйретеміз. Біздің студенттер әрдайым облыстық, республикалық, халықаралық қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсене қатысады, олар – Студенттік Парламент, «Шәкәрім» волонтерлік клубы, Жайдарман, «Art Union», «Парасат», «Конгресс» интеллектуалды дебат клубтары, Қазақстан студенттер Альянсы және т.б. жастар ұйымдары, сондай-ақ, әрбір факультетте кіші деканат жұмыс істейді. Шәкәрім университетінің белсенді студенттерінің белсенділік көрсеткіші 2021-2022 оқу жылында 1582 студент болса,  2022-2023 оқу жылында 1884-ке өсті. Алдағы 2023-2024 оқу жылында белсенді студенттер санын 28%-дан асыру жоспарланған. Сондай-ақ, белсенділер халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқаулар мен спорт турнирлерінің жеңімпаздары атануда. Атап айтсақ, 8 студент републикалық дебат турнирінің жеңімпазы, 3 студент республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы, «Virus» және «Wasаbi» би топтары халықаралық би конкурсында жеңімпаз, «Қаракөз» студенттік театры республикалық әуесқой театрлар фестивалінде жүлдегер болса, «Шәкәрім Қазақстан Студенттер Альянсы» республикада «Үздік штаб» номинациясының иегері, Еnactus Shakarim командасы республикалық бизнес форумының жеңімпазы, Шәкәрім университеті облыстық «Студенттік көктем» фестивалінің жеңімпазы, Семей қаласы әкімінің жастар саясатына қосқан үлесі үшін аталымының жеңімпаздары «Жыл еріктісі», Үздік жастар ұйымы», «Жылдың жас спортшысы», «Жылдың үздік журналисті» иегерлері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында нақты міндеттер қойып: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепция­­­сы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін»,- деді. Иә, шын танып, терең бойлаған адамға Абайдың «толық адам» туралы ілімі ескірмек емес. Қайта заманның талабына сай қайта зерделенуі және бүгінгі ұрпаққа жетімді түрде насихатталып, түсіндірілуі қажет. Сол себепті де оқу орнының миссиясына сай «Толық адам» концепция аясында бірқатар іс-шаралар кешені өтуде.

Сондай-ақ, университеттің өзінің ауқымды жобалары бар. Үздік студенттерге арналған «ТОП-100 үздік студент», «Әлеуметтік кредит», «Тәлімгер», «Студенттік филармония» жобалары. Жалпы, «Топ-100 үздік студент» жобасы білім алушылардың қосымша құзыреттіліктерін дамытатын кешенді бастаманың бірі. Жоба аясында академиялық, ғылыми-зерттеу, шығармашылық және спорттық бағыттарда жетістіктерге жеткен үздік студенттер «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталып, шәкіртақыға ие болды. Сонымен бірге, оқу орны білім, ғылым, спорт саласында елеулі жетістікке жеткен білім алушыларға «Шәкәрім шәкірақысы» мен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.  Келесі әлеуметтік кредит жобасы.  Білім алушылардың белсенді өмірлік ұстанымдарын ынталандыру, студенттердің қоғамдық жұмыстарға қатысуын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, өз ортасына көмек көрсету құндылықтарын дәріптеу, жастардың әлеуметтенуіне жағдай жасау, қоғамға қызмет ету идеялогиясын дәріптеу мақсатында іске асуда.

Алдағы уақытта әлеуметтік-тәрбие жұмысы бағытында келесі жобаларды қолға алдық. Мәдениетті университет - университеттің имиджі мен брендін одан әрі дамытады, оқу ордасы қызметкерлері мен білім алушылары арасындағы мәдени ортаны нығайтып, адалдық, парасаттылық принциптерін арттыруға акцент қойылады. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың психикалық ахуалына зер салу қажеттігін айтты. Осы ретте студенттерге  психологиялық көмек ұйымдастыруда өзара іс-қимыл белсенділігін  арттыратын «Well being» психологиялық волонтерлық клуб ашу мәселесін бірінші кезекке қойдық. Келесі, студенттердің мүдделерін қорғайтын орта қалыптастыру мақсатында «Студенттік омбудсмендер» институты өз жұмысын бастайды. Студенттер өздерінің әлеуетін іске асыра алуы, әлеуметтендіру мәселелері мен құқықтарының сақталуын қадағалайды. Сонымен бірге, әлеуметтік «Soft skills»  - университет білім алушыларын қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы қоғамға қызмет жасау, мансапты жоспарлау, өзін-өзі дамыту, көшбасшылық, ортамен қызмет жасау сынды икемді дағдыларды қалыптастыратын ортаны ашпақшымыз.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив