Биылғы 11 айдың қорытындысына сәйкес ел экономикасы 4,9%-ға өсті
Үкімет отырысында еліміздің биылғы қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тақырыпқа қатысты баяндама жасады.
Әлібек Қуантыров биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ды құрағанын мәлімдеді. Оның ішінде нақты сектор – 3,5%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 5,6%-ға өскен. Салалар арасында құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік және қоймалау ең жоғары өсімді көрсетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 14,6%-ды құрап, инвестициялар ағыны ақпарат және байланыста – 2,8 есеге, көлік және қоймалауда – 58%-ға, саудада – 34%-ға, білім беруде – 17%-ға, ауыл шаруашылығында – 11%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,6%-ға өскен.
«Өңірлер арасында ең жоғарғы өсу Маңғыстау, Түркістан, Абай және Павлодар облыстарында байқалды. Алдын ала жасалған қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 2,6%-ға өсіп, $114 млрд-тан асты. Экспорт $65 млрд-қа, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты $21 млрд-қа жуықтады. Тауарлар импорты $49 млрд-тан астамды құрады Жалпы, оң сауда балансы $15 млрд-тан асты», — деп мәлімдеді министр.
Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,4%-ға өсті. Көрсеткіштің өсуі 13 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсімді Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27%-ға жуық, оның ішінде автомобиль жасаудың – 41%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 32%-дан аса өсуі қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 1,9%, металл бұйымдары – 3,7%, құрылыс материалдары – 4,1%, пластмасса бұйымдары – 5,1%, жеңіл өнеркәсібі – 12% және жиһаз өндірісі – 42%.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,2%-ға жоғарылады. Бұл ретте газ өндіру – 12%-ға, мұнай өндіру – 7,8%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 13%-ға өсті.
Металл кендерін өндіру – 0,5%-ға, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,6%-ға, көмір өндіру – 5,8%-ға төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ға артты. 18 өңірде оң өсім тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында байқалды.
Биылғы қаңтар-қарашада 15 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,6%-ға жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,4%-ға төмендеді. Ең көп төмендеуді Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Павлодар облыстары көрсетті. Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Жетісу, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.
Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында келесі шаралар ұсынылады:
-
Мереке күндері азық-түлік тауарларының, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің мәселені ерекше бақылауға алуы;
-
Авариялық жағдайларды болдырмау үшін жылу электр орталықтары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;
-
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуі;
-
Биылға анықталған инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау, жаңа инвесторларды тарту және сүйемелдеу жөніндегі жұмысты жандандыру;
-
Экспорттаушыларды қолдау шараларын іске асыру арқылы отандық өнім экспортын белсенді ілгерілету жөніндегі шараларды іске асыру.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары В. Тутушкин биыл қараша айында жаңа тапсырыстар көлемінің тұрақталуына байланысты жаһандық экономикада белсенділік жақсарып, нәтижесінде өндіріс көлемі біршама артқанын мәлімдеді. Елімізде іскерлік белсенділік индексі қараша айында 49,0 тармақты көрсетті. Индекс көрсеткіші өндірісте – 51,4 және құрылыста – 50,2 болып өскенімен, тау-кен өнеркәсібінде – 47,4 және қызмет көрсету секторында – 48,3-ке төмендеді. Бизнес-климат индексі оң қалпында қалып отыр. Оған кәсіпорындардың болашақ бизнес жағдайлары бойынша позитивті күтулерінің сақталуы әсер етті.
Қараша айында жылдық инфляция 10,3%-ға дейін баяулады. Сервистік компонент үлесінің өсуіне қарай азық-түлік компоненті мен азық-түлікке жатпайтын фактордың рөлі төмендеп келеді. Дегенмен, маңызды бірқатар баға индикаторы экономикадағы инфляциялық қысымның сақталғанын көрсетеді.
Қарашадағы айлық инфляция 1,0% болды. Бұл өткен жылдар аралығындағы орташа айлық инфляцияның мәні мен мақсатты мәнді бағалауынан асып түсті. Инфляцияның орнықты бөлігінің динамикасы да таргеттелетін деңгейден жоғары қалыптасып отыр.
Азық-түлік тауарларының құрылымында соңғы айда көкөніс пен жұмыртқаның, нан мен жарманың бағасы өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардан киім-кешек пен аяқкиім, көлік, дәрі-дәрмек бағасы көтерілді. Ал ақылы қызметтерден – тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің, интернет пен әуе билеттерінің бағасы шарықтады.
Алдағы айларда жылдық инфляцияның бір мәнді көрсеткішке жетуі, яғни 10%-дық деңгейден төмен қалыптасуы күтіледі.
«Жылдық инфляция мен оған қатысты болжамдардың төмендеуі базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін түсіруге мүмкіндік берді. Жекелеген факторлар мен тәуекелдер инфляцияны одан әрі тұрақтандыру үшін ақша-кредит талаптарын қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етеді», — деді В.Тутушкин.
2023 жылдан бастап теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 458,24 теңгеге дейін 1%-ға нығайды.
Жыл басынан бері Ұлттық қордан валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Осы уақытқа дейін $8,8 млрд сатылды, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің капитал ағыны $258 млн болды.
Басқа жағынан, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артқаны байқалады. Оған жобаларды іске асыру циклінің жандануы барынша ықпал етіп отыр. Виталий Тутушкин Ұлттық банк еркін бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастыратынын және валюталық интервенциялар жүргізбейтінін атап өтті.
Жалпы халықаралық резервтер қараша айының соңында $92,7 млрд-ты құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан 2,8%-ға ($34,1 млрд-қа дейін) төмендеді. Бұл ҚРҰБ валюталық шоттарындағы ЕДБ қаражатының азаюына және Қаржы министрлігінің өз міндеттемелерін төлеу үшін валютаны конвертациялауына байланысты.
Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 5,2%-ға ($58,6 млрд-қа дейін) өсті. Оған инвестициялық табыстың жыл басынан бергі 7,9%-ға (немесе $4,4 млрд-қа) өсуі себеп болды.
Жыл басынан қорға түскен түсімдердің барлығы 4,4 трлн теңгені құрады. Республикалық бюджетті қаржыландыру үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларын сатып алу сомасын қосқанда, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 3,9 трлн теңге болды. «Достық-Мойынты» жобасын қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ облигацияларын сатып алу үшін жыл басынан 74 млрд теңге бөлінді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері оң динамиканы көрсетуде. Олар жыл басынан 17,3 трлн теңгеге дейін 18,6%-ға өсті. Инвестициялық табыс көлемі жыл басынан 1,3 трлн теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 1,9 трлн теңге, ал жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы шамамен 255 млрд теңге болды.
«Ұлттық банк сыртқы және ішкі нарықтардағы жағдайдың даму барысын бақылап, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляцияны одан әрі төмендету бағытындағы жұмысын жалғастыра береді», — деді В.Тутушкин.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өз баяндамасында биылғы 11 айдың қорытындысына сәйкес мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері туралы баяндады. Оның айтуынша, Мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 18,2 трлн теңгені құрады немесе жоспар 98,6%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 12,6 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 94,4%-ға орындалды.
Жоспардың орындалмауы негізінен салықтарға тиесілі. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы есебінен қалыптасты.
Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 272 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ға азаюымен байланысты.
Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:
-
тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі;
-
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 9%-ға азаюы болып табылады.
Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12%-ға төмендеуі әсер етті.
Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 8%-ға төмендеуімен байланысты болды.
Салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер есебінен қалыптасты.
«Жергілікті бюджеттердің кірістері 109,2%-ға атқарылды және 5,7 трлн теңгені құрады. Жоспар 478 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 425 млрд теңгеге асыра орындалды. Алматы облысынан басқа барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,3%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 95,6%-ға орындалды», — деді Е. Жамаубаев.
Оның айтуынша, республикалық бюджет бойынша сомасы 20 трлн теңгеге шығыстар жүргізілген. Атқарылмау 336 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 29 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары ішкі істер, Өнеркәсіп және құрылыс, Төтенше жағдайлар және Мәдениет және ақпарат министрлігі министрліктерінде қалыптасып отыр. Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің тауарларды уақтылы жеткізбеуі, конкурстық рәсімдерді дер кезінде өткізбеуі, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу және басқалары.
Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің шығыстары 12 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 531 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 желтоқсанға 1 трлн 752 млрд теңге бөлінген. Оның 89,8%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 179 млрд теңге, оның ішінде 3 млрд теңге – үнемдеу. Ең көп игерілмеу: Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Батыс-Қазақстан облыстарында қалыптасты.
Осы жылдың 11 айында камералдық бақылаумен 12 трлн теңгеге 507 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 72 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады. 2 мың аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1,4 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. Шамамен 231 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 175 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 2 мыңнан астам ұсыным берілді.
«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде 330 млрд теңге сомасына 380 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 30 нысан сатуға қойылды. 64 – қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 184 – сату алдындағы дайындықта тұр», — деп түйіндеді сөзін Е. Жамаубаев.