Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Елімізде 2023 жылдың 6 айында 7,4 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

12-07-2023, 11:54 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Үкіметінің отырысында биылғы қаңтар-маусым айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Онда Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баяндама жасады.

Ә. Қуантыровтың айтуынша, биылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ды құрады.

Оның ішінде нақты сектор – 4,8%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 4,9%-ға өсті.

Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 13%-ды құрады.

Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 57%-ға, саудада – 32%-ға, ауыл шаруашылығында – 22%-ға, білім беруде – 21,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 10,9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 11,4%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында байқалды.

«Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-мамырда сыртқы сауда тауар айналымы 8%-ға өсіп, $55,8 млрд-ты құрады. Экспорт $31,6 млрд-ты құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 3,8%-ға ұлғайып, $10,2 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $24,2 млрд-ты құрады. Жалпы, оң сауда балансы $7,4 млрд-қа тең», — деді Ұлттық экономика министрі.

Ә. Қуантыровтың мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3%-ға өскен.

Көрсеткіш өсуі 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 29%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 35%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 5,3%, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%, құрылыс материалдары – 4,4%, сусындар өндірісі – 6,6%, пластмасса бұйымдары – 7,8%, жеңіл өнеркәсібі – 24%.

«Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,7%-ға жоғарлады. Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6%-ға, газ өндіру – 2,5%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 17,4%-ға, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 3,2%-ға өсті. Металл кендерін өндіру – 0,2%-ға, көмір өндіру – 8,1%-ға төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,3%-ға ұлғайды. 19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Абай, Қызылорда және Жамбыл облыстарында байқалды», — деді Ә. Қуантыров.

Министр келтірген мәліметке сүйенсек, биылғы қаңтар-маусым айларында 7,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары.

Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында байқалды.

Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,2%-ға ұлғайды.

Саладағы өндірістің оң өсуі барлық өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола және Павлодар облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай:

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.

Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады:

  • Уақытылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету;
  • Белсенді түрде инвестициялар тарту, инвестициялық жобалардың экономикалық тұрғыда тиімділігін арттыру; 
  • Отандық экспортты үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету және тасымалдау мен логистикадағы мәселелерді шешуге жәрдемдесу;
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын бақылау және тиісті тұрақтандыру шараларын қабылдау;
  • Тұрақты және уақытша жұмыспен қамту шараларын қолдау арқылы еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин 2023 жылғы маусымда әлемдік нарықтарда оң үрдістер жалғасын тапқанын айтты. Қазақстанда маусым айында кәсіпкерлік белсенділік 51,1-ге, оның ішінде қызмет көрсету саласында – 52,2 және тау-кен өнеркәсібінде – 50,9-ға дейін жақсарды.

2023 жылғы маусым айында әлемдік нарықтарда оң үрдістер сақталды.

PMI жаһандық композиттік индексі бес ай қатарынан нейтралды белгі 50 пунктен жоғары болып, маусым айында 52,7 мәнін құрады. Өндіріс пен жаңа тапсырыстардың өсуі баяулаған кезде қызмет көрсету секторы есебінен оң іскерлік белсенділік сақталды.

Қазақстанда маусым айында іскерлік белсенділік 51,1 көрсеткішіне дейін жақсарды, оның ішінде қызметтер секторында – 52,2, тау-кен өнеркәсібінде – 50,9 болды. Бизнестің қазіргі және болашақ жағдайын орташа бағалауды білдіретін бизнес-климат индексі 16,0 мәніне дейін ұлғайды.

2023 жылдың басынан бері дамыған елдердің акциялары (MSCI World) 14%-ға өсті, ал АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,84%-ға дейін төмендеді. Доллардың индексі 0,6%-ға әлсіреді.

Дамыған елдердегі экономикалық белсенділіктің әлсіреуін күтулерге қарамастан, макроэкономикалық көрсеткіштер тұрақты болып, нарыққа қатысушылардың болжамдарынан асып түсуде.

Дегенмен, АҚШ және Еуропа орталық банктері ақша-кредит саясатына қатысты қатаң риториканы сақтап отыр.

Қазақстанда инфляция маусым айында жылдық мәнде 14,6%-ға жетіп, төрт ай қатарынан төмендеуде. Маусымдық факторлардың айқын көрінуінен азық-түлік инфляциясының тұтыну бағаларының жалпы өсуіне қосатын үлесі азаюда. Ұлттық банк инфляцияның осы жылдың соңына қарай 11-14%-ға дейін баяулауын күтеді. 

Азық-түлікке әлемдік бағаның одан әрі төмендеуі және сауда әріптес елдеріндегі инфляцияның төмендеуі инфляцияға тежеуші ықпал етеді. Проинфляциялық тәуекелдер ішкі факторлар тарапынан сақталып отыр. Ол – инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде орнығу ықтималы, фискалдық ынталандырудың күшеюі, жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері бағаларының өсуінен болатын барынша күшті жанама әсер ету.

5 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Инфляцияның баяулауы болашақта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендету үшін жағдай жасауда. Болжамдық раунд нәтижесін негізге ала отырып, базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім қабылдау кезінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жан-жақты қарау арқылы төмендету орындылығын бағалайды.

І жартыжылдықта теңге 452,26 дейін 2,2%-ға нығайды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $1,9 млрд сомасына валюталық түсімінің 50%-ын міндетті түрде сатуы теңгеге қолдау көрсетті. Валюта нарығын балансқа келтірудің жақсаруына байланысты 1 шілдеден бастап валюталық түсімді міндетті түрде сату үлесі 30%-ға дейін төмендеді.

Теңгедегі құралдардың тартымдылығы сақталуда. Депозиттерді долларландыру деңгейі 2022 жылғы желтоқсандағы 31,6%-дан осы жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 28,4%-ға дейін төмендеді. Шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялары жыл басынан бері 78 млрд теңгеге ұлғайды. 

Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Теңгенің бұдан былайғы динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

Ұлттық банк икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.

Жалпы халықаралық резервтер маусым айының соңында $94,3 млрд-ты құрады.

Екінші деңгейлі банктер қаражатының валюталық шоттардан Ұлттық банкке әкетілуіне байланысты Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бастап
1,7%-ға немесе $34,5 млрд-қа дейін төмендеді. Ұлттық қордың активтері жыл басынан бастап әлемдік индекстердің өсуі салдарынан 7,4%-ға немесе $59,8 млрд-қа дейін ұлғайды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың $3,5 млрд-қа валюталық активтері сатылды. Қорға жыл басынан бастап түскен жиынтық қаражат 2,6 трлн теңгені құрады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 1-жартыжылдықта 16,1 трлн теңгеге дейін 9,9%-ға ұлғайды, инвестициялық кіріс көлемі 588,5 млрд теңге болды. Зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру және шетелдік нарықтарда инвестициялау мақсатында 2023 жылдың басынан бастап 1,3 млрд доллар сатып алынды.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасқанын айтты.

Мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден аса кірістер түсті немесе 102,3%-ға орындалды.

Республикалық бюджетке 6,1 трлн теңге түсті. Жоспар 94,7%-ға орындалды. Атқарылмаған бөлігі 343 млрд теңгені құрады.

Салықтар бойынша жоспардың 391 млрд теңгеге орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2023 жылдың 6 айында 296 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36%-ға азаюымен байланысты.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ға төмендеуімен байланысты болды.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 17%-ға төмендеуі әсер етті.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 122%-ға атқарылды және 3,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 552 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 504 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша сомасы 11 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 62 млрд теңгені құрады, оның ішінде 13 млрд теңге - үнемдеу, игерілмегені - 49 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және спорт және сыртқы iстер министрліктерінде қалыптасып отыр. Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы. 

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,8 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 28 млрд теңге.

Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 шілдеге 755 млрд теңге бөлінген. Оның 99,0%-ы игерілген. Игерілмегені – 8 млрд теңге. Ең көп игерілмеу: Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында қалыптасты. Ағымдағы жылдың 6 айында камералдық бақылаумен 7,4 трлн теңгеге 258 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды.

Тексеру қорытындылары бойынша 35 892 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 91% орындады. 1138 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен бюджет қаражатының шамамен 644 млрд теңгесі қамтылды. Шамамен 113 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталған болатын.

Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 101 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1172 ұсыным берілді. Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 нысанды сату көзделген.

«Есепті кезеңде 306 млрд теңге сомасына 369 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 33 нысан сатуға қойылды. 64 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 192 нысан сату алдындағы дайындықта тұр. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай», — деп түйіндеді сөзін қаржы министрі Е. Жамаубаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив