Әлихан Смайылов пен Николай Горбань КҚК құбыр жүйесін дамыту барысын талқылады
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен КҚК бас директоры Николай Горбань Каспий Құбыр консорциумының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және дамыту мәселелерін талқылады.
Премьер-Министрдің назарына компанияның 2022 жылғы өндірістік қызметінің қорытындылары, ағымдағы жұмысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы ақпарат ұсынылды.
Әлихан Смайылов КҚК Қазақстанның мұнай өнеркәсібінде маңызды рөл атқаратындықтан, оның тұрақты жұмысы Үкіметтің ұдайы назарында екенін атап өтті.
«Өткен жылы теңіз терминалында айлақ құрылғыларының бұзылуына байланысты КҚК қызметінде шектеулер орын алды. Жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, бүгінде барлық шектеулер алынып тасталды. Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін барлық тиісті шараларды қабылдау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының пікірінше, құбырдың өткізу қабілетін арттыру – маңызды мәселе, бұл Қазақстаннан мұнайдың қосымша көлемін тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Николай Горбань КҚК мұнай құбырының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және қолданыстағы жабдықтардың сенімділігін арттыру үшін барлық қажетті шаралар іске асырылатынын атап өтті. Сонымен қатар Тар жерлерді жою бағдарламасын табысты іске асыру нәтижесінде 2022 жылдың соңында құбыр жүйесінің өткізу қабілеті Қазақстан аумағынан жылына шамамен 72,5 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі барлық мәселелерді одан әрі пысықтауға дайын екенін атап өтті.
Анықтама: КҚК құбыр жүйесі – ТМД аумағында энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 км құрайды. Бұл бағытпен Қазақстанның экспортқа шығарылатын мұнайының басым бөлігі тасымалданады. КҚК теңіз терминалы жағадан едәуір қашықтықта, соның ішінде қолайсыз метеожағдайларда танкерлерді қауіпсіз жүктеуге мүмкіндік беретін үш айлақ құрылғыларымен жабдықталған.
КҚК акционерлері:
Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі федералдық агенттік атынан «Транснефть» ЖАҚ (сенімгерлікпен басқару) – 24%, «КТК Компани» – 7%, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.