Астанада Қазақстан-Жапония бизнес форумы өтті
2024 жылғы 12 қаңтарда жапондық бизнес-делегацияның Қазақстан Республикасына сапары аясында GX (жасыл трансформация) және DX (цифрлық трансформация) мүмкіндіктеріне арналған бизнес-форум және В2В кездесулер өтті.
Бірлескен іс-шара екі елдің бизнесі арасындағы бұрыннан бар сауда-экономикалық қатынастарға жаңа серпін береді және әлеуетті серіктестер пулын кеңейту алаңы болды.
Қазақстан-Жапония бизнес-форумының жұмысына 200-ден астам қазақстандық компания және Жапония Үкіметі мен бизнесінің 60-қа жуық өкілі қатысты.
Форумның ұйымдастырушылары Қазақстан тарапынан «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы; Жапония тарапынан – Жапонияның Ресей және жаңа тәуелсіз елдермен сауда жөніндегі қауымдастығының вице-президенті (РОТОБО), Жапония-Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитеті болды.
Жиында «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов Халықаралық форумның қонақтары және қатысушыларымен сәлемдесіп, құрметті елші Джуну Ямад мырзаға елдердің екіжақты қарым-қатынасын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғысын айтты.
«Жапония дәстүрлі түрде Қазақстанның Азиядағы негізгі сауда және экономикалық серіктестерінің бірі. Бүгінгі форумға іскер топтардан 200-ден астам өкілдің қатысуы серіктестігімізді растайды. Бүгінгі іс-шара Қазақстан мен Жапонияның бизнес-қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл бастаманы қолдауға бар күшін салуға дайын», – деді Райымбек Баталов.
Өткен жылы жапондық серіктестермен бірге РОТОБО және JICA атынан түрлі іс-шаралар, соның ішінде бизнес делегациялардың өзара тәжірибе алмасуы, 2023 жылғы 1 қарашада Токиода Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке құрылымдарының экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының сегізінші отырысы ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
«Атамекен» ҰКП жапондық серіктестерге металды терең өңдеу, мұнай, газ, мұнай-химия салалары, туризм, экология, пайдалы қазбаларды өндіру, агроөнеркәсіп кешені және өнеркәсіптің басқа да басым секторларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін ұсынуға дайын. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді нақты индустрияландыру қажеттілігі туралы мәлімдемесін атап өткім келеді. Ал қаржы тұрғысынан орнықты жапониялық компаниялармен әріптестік қазақстандық бизнес үшін басымдықта. Ұлттық палата сенімді серіктестерге мүдделі және жобаларды сүйемелдеуде барлық қажетті қолдауды ұсынуға дайын», – деп атап өтті Ұлттық палата басшысы.
Спикердің айтуынша, Қазақстан – қолайлы бизнес ахуалы бар инвестициялық тартымдылығы жоғары ел. Экономикада жеңілдетілген салық режимі қолданылады, ұлттық заңнама үнемі жетілдіріледі, инвестициялық жеңілдіктер мен преференциялар пакеті кеңейтіліп отырады. Экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды іске асыратын инвесторларға салық заңнамасының тұрақтылығы мен болжамдылығына кепілдік беріледі.
Жапонияның Ресей және жаңа тәуелсіз елдермен сауда жөніндегі қауымдастығының вице-президенті (РОТОБО), Жапония-Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесінің тең төрағасы Наоши Хиросэ Қазақстан мен Жапония арасында экономикалық қатынастар дамып келе жатқанын, олар алдағы уақытта нығая түсетінін, өйткені бұл үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.
«Жасыл және цифрлық трансформация тақырыбына арналған форум – жер шарындағы климаттың өзгеруіне байланысты ынтымақтастығымыз үшін жаңа сала. Қоршаған ортаға пайда әкелу – адамзат үшін ортақ міндет. Осы бағытта мәселелерді шешу үшін Жапонияның озық технологиялары мен Қазақстанның әлеуетін біріктіруге болады. Алда IT-саладағы цифрлық трансформацияға ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін ақпараттық технологияларды пайдалануға қатысты жақсы бірлескен перспективалы жобалар жасалатынына сенімдімін. Сондықтан жапониялық өнеркәсіптің ноу-хауы мен Қазақстанның әлеуетін біріктіруге болады», – деді Наоши Хиросэ мырза.
Форум аясында компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, «UranEnergo» ЖШС мен Sumitomo Corporation Power & Mobility and Furukawa Electric Power Systems арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар жсалды; «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «Йокогава Электрик Қазақстан» ЖШС арасындағы өзара түсіністік және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Жапония-Қазақстан экономикалық ынтымақтастық комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Жиынды қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков бірнеше меморандумға қол қою екі жақтан бизнес өкілдері жүргізетін жүйелі жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.
«Ұлттық палата мемлекеттік органдармен бірлесіп мониторинг жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде бұл келісімдер экспорттық-импорттық операцияларға дейін жеткізілетін болады. Әрі қарай біз оларды сүйемелдеп, нәтижесі бойынша жұртшылықты хабардар етеміз. Қазіргі кезде қазақстандық целлюлозаны Жапонияға экспорттау бойынша келісімшартты іске асыру басталды», – деп толықтырды Тимур Нақыпбеков.
Анықтама:
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша екі ел арасында 2022 жылы тауар айналымы 1,9 млрд долларды (+71%) құраған. Соның ішінде экспорт – 782 млн долл. (+40%), импорт – 1,1 млрд доллар (+102%).
2023 жылдың 11 айында тауар айналымы 2,03 млрд долл. (+17%), экспорт - 554 млн доллар (-27%), импорт – 1,48 млрд доллар (+51%).
Қазақстан Жапонияға негізгі экспорттық тауарлары ферроқорытпалар (93%), тантал (3%), алюминий (2%), ал Жапониядан ҚР-ға импортталатын негізгі тауарлар-автомобильдер (55%), Құрылыс техникасы (8%), жүк көлігі (6%), автошиналар (5%), медициналық жабдық (2%).
ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша Жапония қазақстан үшін инвестиция үздік елдердің ондығына кіреді. 1993 жылдан инвестиция көлемі 7,7 млрд доллардан (+40%) асқан, ал 2023 жылғы 3 тоқсанда – 294,8 млн доллар (+30%) болды.
2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау, тамақтану, ақпарат және байланыс, қаржы және сақтандыру қызметі, денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік сияқты салаларда бірлескен меншік нысанындағы 21 компания және шетелдік қатысуы бар 21 компания тіркелген.
Қазақстан мен Жапонияның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік және жеке секторларының бірлескен комиссиясы жұмыс істейді. Жапония тарапынан бірлескен комиссияның тең төрағасы Жапонияның Экономика, сауда және индустрия вице-министрі Ш.Хосака. Қазақстан тарапынан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ. Шарлапаев.
Комиссияның 8-ші отырысы 2023 жылғы 1 қарашада Токио қаласында өтті. Жиында бойынша қорытынды хаттамаға қол қойылды. Бірлескен комиссияның құрамында бір мезгілде екі елдің іскер топтарының өкілдерін біріктіретін Қазақстан-Жапон іскерлік кеңесі жұмыс істейді.