Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

2023 жылы қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде 593 млрд теңгеден астам қаражат төленді

19-01-2024, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

2023 жылы мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен шамамен 528,1 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 65,5 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер төленді.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 545,5 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 192 мың адамды құрады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған (қаза болған) асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер төленеді. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 100,2 мың адам еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді шамамен 64,3 мың отбасы алды. 

Төлемдердің мөлшері жеке болады және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7 %-ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7 %-ға арттырылды.

Мәселен, биыл жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 95 496 теңгені, 2-топ үшін – 76 397 теңгені, 3-топ үшін – 52 089 теңгені құрайды.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 47 445 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша 51 574 теңгені құрайды.

2024 жылы республикалық бюджетте мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды жүзеге асыруға 633,2 млрд теңге, оның ішінде мүгедектігі бойынша – 487,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 145,8 млрд теңге жоспарланды. МӘСҚ-дан төлемдерге бағалау бойынша: асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – 34,1 млрд теңге, еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша – 49,6 млрд теңге көзделген.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив