Ауыл шаруашылығындағы жұмыстар қараусыз қалмайды. Құралдар бар, барлық индикатор жіберіледі және бақыланады – А. Сапаров
Агросектор үшін негізгі ресурстардың бірі - минералды тыңайтқыштар. Мысалы, Еуропа елдерінің фермерлері гектарына 250 кг-нан астам қоректік заттар себеді, Беларуссияда -120 кг, Ресейде бұл көрсеткіш 55-60 кг аралығында, ал Қазақстанда орта есеппен 10 кг-ға жетпейді. АШМ басшысы Айдарбек Сапаров тыңайтқыштар әр облыста әрқалай себіліп жатқанын атап өтті. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша егіс алаңы 5,6 млн га тең Қостанай облысы, небәрі 54 мың тонна тыңайтқыш септі. Ал, егіс алқабы Қостанайға қарағанда 1,2 млн гектарға аз Солтүстік Қазақстан облысы одан 3,5 есе көп, яғни 190 мың тонна тыңайтқыш қолданды.
«Сапалы өнім алу үшін биыл фермерлер тыңайтқыштарды 2 еседен көп қылып қолданып, көрсеткішті кем дегенде 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу қажет. Ал, 2028 - жылға қарай өнім 3,2 млн тоннаға дейін ұлғаюы тиіс. Тыңайтқыштарды қолдану өнімділікті орта есеппен га 3-5 центнерге арттыруға мүмкіндік береді. Тұқым шаруашылығында элиталық тұқымдардың үлесін арттыруға ерекше назар аударылады. Тұқым шаруашылығын қолдау жөніндегі шараларды іске асыру есебінен 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 14,4% - ға дейін жеткізу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, машина-трактор паркін 10%-ға дейін жаңарту қажет. Ол үшін мемлекет инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламаларын іске асырады. Сондай-ақ кредиттер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендету жалғасады», – деді министр.
Мал шаруашылығындағы сүт пен құс еті бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында әкімдіктерге жаңа сүт тауарлары фермаларын және құс фабрикаларын іске қосу бойынша индикативтер жеткізілді. Ет - құс шаруашылығында 3 жыл ішінде жалпы қуаттылығы 255 мың тонна құс етін өндіретін 27 жобаны енгізу жоспарлануда, бұл 2027 - жылға қарай импортты толығымен жабуға мүмкіндік береді.
Жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру үшін асыл тұқымды мал басын қоса алғанда, ауыл шаруашылығы жануарларының санын көбейту қажет. Мәселен, 2029 - жылға қарай ірі қара мал басын 1,5 есеге арттып, 11 млн басқа дейін жеткізу қажет. Ал,ұсақ мал басын 30 млн басқа дейін жеткізу жоспарда бар.
«Мал өнімділігін жақсарту үшін тұқымдарды түрлендіруді жалғастыру қажет. Сондықтан жол картасы шеңберінде тұқымдық түрлендірумен қамтылған аналық мал басының үлесін 31%-дан 55%-ға дейін ұлғайту жоспарланған. Ауыл шаруашылығындағы жұмыстар қараусыз қалмайды, бізде қажетті құралдар бар екенін, барлық индикаторлар қойылып, мониторинг жүргізілетінін атап өткім келеді», – деп сендірді А.Сапаров.
Сондай-ақ ол су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің аумағын жылына 150 мың гектарға дейін ұлғайту жұмыстары күшейтілетініне сендірді. Бұдан бөлек, Министрлік пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. 2022 жылдан бастап мемлекет меншігіне 10 млн га жер қайтарылды. 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес, тағы 2 млн га жер алынады. Сондай-ақ салық салу жүйесіндегі өзгерістер ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалануға ынталандыруы тиіс. Фитосанитария мен ветеринария салаларында да көп жұмыс жүргізу керек.