Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
461.26 542.58 6.18

Абай облысында жас шекарашылар әскери ант қабылдады

Бүгін, 14:37 018.kz

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментіне қарасты Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасында «Көктем-2026» шақырылымының 244 жас сарбазы салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Ел шебін күзетуге келген жас жауынгерлер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, мемлекеттік шекараны қырағылықпен қорғауға серт берді.

Салтанатты рәсімге әскери қызметшілер, ардагерлер, қоғам өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Іс-шара Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалуымен басталды.

Биылғы көктемгі шақырылыммен Қарағанды, Ақмола, Түркістан және Абай облыстарынан келген сарбаздар бүгінде шекара қызметінің қыр-сырын меңгеріп, әскери дайындықтарын шыңдап жатыр.

Рәсім барысында Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин сөз сөйлеп, жас сарбаздарды маңызды күнмен құттықтады. Ол шекарашылардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екенін атап өтіп, жастарға адал қызмет пен мықты рух тіледі. Сонымен қатар, Отан қорғайтын ұл тәрбиелеген ата-аналарға алғыс білдірді.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Советқан Қалиев әскери анттың маңызына тоқталып, шекара қызметінің жауапкершілігі жоғары сала екенін айтты. Ол жастарды Отанға адал болуға және әскери тәртіпті берік ұстануға шақырды.

Сондай-ақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, полковник Анвар Рахматуллаев мемлекеттік шекараны қорғау үлкен сенім әрі абыройлы міндет екенін атап өтті.

Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Қуанышбек Нүсіп жас сарбаздардың алғашқы әскери дайындықтан сәтті өткенін айтып, алдағы қызметтеріне табыс тіледі.

Іс-шараға Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Мақаншы айнасы» газетінің редактор орынбасары Абен Разуев пен аудан әкімінің орынбасары Рахат Абдрахманов қатысып, жас жауынгерлерге ақжарма тілектерін жеткізді.

Салтанатты ант қабылдау рәсімі әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтіп, саптық көрсетілімдер ұйымдастырылды. Жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары олардың Отан қорғаушысы атанған тарихи сәтіне куә болды.

Мемлекеттік шекараны қорғау – ел тәуелсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Әскери ант қабылдаған жас шекарашылар енді Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету жолында абыройлы қызмет атқармақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив