Cемей5°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
526.02 607.55 6.5

«Күз - 2025» шақырылымының сарбаздары Отан алдында ант қабылдады

Бүгін, 13:55 018.kz

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментіне қарасты Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасында «Күз - 2025» шақырылымының жас сарбаздары салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Биыл 274 сарбаз Отан алдында адал қызмет етуге серт беріп, шекара күзетіне ресми кірісті.

Сарбаздар сап түзеп, әскери жарғыға сай ант мәтінін дауыстап оқыды. Бұл — олардың азаматтық әрі әскери жолындағы ең жауапты әрі мәртебелі кезеңдердің бірі болып саналады.

Салтанатты рәсімнің ашылуында ең бірінші болып ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығы, полковник Ахметов Асхат Болатович құттықтау сөз сөйледі. Ол жас сарбаздардың ант қабылдауын маңызды тарихи сәт деп атап, олардың болашақ қызметіне үлкен сенім білдірді.

«Отан — әр азаматтың жүрегіндегі ең қасиетті ұғым. Ант – сол қасиеттіліктің айғағы. Сіздер еліміздің шекарасын қорғау жолында берік, батыл және адал боласыздар деп сенемін. Қадамдарыңыз нық, қызметтеріңіз абыройлы болсын!» – деді Асхат Болатович.

Іс-шара барысында Мақаншы ауданының әкімі Қойгелдин Дәурен Бақытжанұлы да сөз сөйлеп, жас сарбаздарды ант қабылдауымен құттықтады. Ол шекара қызметіндегі жауапкершілік пен ел тыныштығын сақтау жолындағы ерлік қасиеттің мәніне тоқталып, әскери борышты абыроймен атқаруға шақырды.

Салтанатты жиында Әскери полиция басқармасының бастығы,полковник Тілеулиев Муратбек Өмірбекұлы жас сарбаздарға тәртіп пен табандылықтың маңызын атап өтті. Ол антты қабылдау – өмірлік жауапты міндеттің басталуы екенін айта келіп, жас жауынгерлерге қырағылық пен төзімділік тіледі.

Шараға қатысқан «Застава Тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, запастағы полковник Карибжанов Арман Қаракесекұлы шекара қызметінің тарихи маңызына тоқталып, бабалардан жалғасқан қаһармандық дәстүрдің бүгінгі буынға жүктеген сенімі үлкен екенін жеткізді.

«Аналардың жүрегі» сарбаздар аналар кеңесінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша өкілі Бармашикова Марфуға Шаймуратовна жас сарбаздарға аналық ақ батасын арнап, олардың әрқайсысының аман-есен қызметін атқарып, қуанышпен оралуына тілектестігін білдірді.

Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыс ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңес төрағасы Аянған Нұрболат Жолболатұлы да өз құттықтау сөзін айтып, жас сарбаздарға қажыр-қайрат пен ерік-жігер тіледі. Ол өз буынының күрделі кезеңін еске ала отырып, Отан қорғаудың ешқашан маңызын жоймайтын қасиетті міндет екенін атап өтті.

Сонымен бірге Мақаншы ауданының бас имамы Ұлан Нұрмұхамедұлы да рухани тілек білдіріп, жас сарбаздардың амандығы мен ел тыныштығы үшін қызмет етудің сауапты іс екенін атап көрсетті. Имам жас жауынгерлерге Алланың жар болуын тілеп, ақ батасын берді.

Салтанатты рәсім патриоттық әндермен, мемлекеттік жалау көтерумен әрленіп, елдік рух пен бірлікті айқын сездірді. Ант қабылдаудан кейін сарбаздар бөлімшенің аумағымен танысып, алғашқы нұсқаулықтарын алды. Осы сәттен бастап олардың нағыз әскери өмірі басталды.

Шара соңында сарбаздардың ата-аналары, офицерлік құрам және қонақтар естелік суретке түсіп, жаңа буын шекарашыларына жүрекжарды тілектерін арнады. Бұл күн жас сарбаздардың өмірінде мәңгі есте қалатын тарихи әрі рухани күш сыйлаған сәт болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив