Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
513 541.16 4.69

Сенаторлар денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға өзгерістер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды

15-03-2024, 13:31 Мадина Айдарова

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Сенат депутаттары, алдымен, «1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормалары өзара түсіністік пен егемендікті құрметтеу негізінде Екі елдің азаматтық, отбасылық, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартының ережелерін жетілдіруді көздейді.

Сондай-ақ хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Литва азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Азаматтарды сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, пациенттердің мемлекет кепілдік берген құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру осы заңның негізгі міндеттері екенін атап өткен жөн.

Заңда азаматтардың медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқықтарын қорғау шаралары және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған басқа да ережелер көзделген.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Сондай-ақ оған бірқатар өзгерістер енгізіп, құжатты жаңа редакциямен Мәжіліске қайтарды.

Нақты айтқанда, шегілмейтін темекі бұйымдарының, вейптердің, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстен электрондық тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сату, пайдалану, демеушілік көрсету үшін жауапкершілікті регламенттейтін нормаларды алып тастауға қатысты өзгерістер енгізілді. Одан бөлек, тауар белгісінің элементтерін немесе шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің атауын пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жарнамалауға және шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға арналған жүлделер, лотереялар, ұтыс ойындарын өткізуге тыйым салу ұсынылды.

«Заң денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытылған. Жаңа нормаларға сәйкес, енді осы саладағы қызметкерлерге үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы және «Өз кәсібінің үздiгі» атағы беріледі. Сенат енгізген өзгерістер заңның жекелеген ережелерін нақтылауды көздейді. Алдағы уақытта заң халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенатор Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалын жолдады. Ол рұқсат етілмеген қоқыс полигондарына, жұмыс істемейтін қоқыс өңдеу зауыттарына және елде қоқысты сұрыптау деңгейінің төмендігіне қатысты проблемаларды көтеріп, Үкіметтің назарын осы мәселеге аударды. Депутаттың айтуынша, мұның бәрі табиғаттың және жер асты суларының ластануына, сондай-ақ, полигондарда өрттің пайда болуына әкелетін қатерлер.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив