Орталық коммуникациялар алаңында су тасқынына дайындық мәселелері пысықталды
Жалпы республикалық автожолдар желісінің ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды, оның ішінде 1 290 көпір мен 15 499 су өткізу құбыры бар. Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаевтың айтуынша, қазіргі таңда су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аясында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылған.
Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақтылы ұйымдастыру үшін инертті және басқа материалдарды дайындау жұмыстары басталып кеткен. Атап айтқанда, шамамен 12 мың текше метр құм, 3 мың текше метр тас, 2 мың текше метр қиыршық тас және 50 мың қап дайындалды.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды қаржыландыру автожолдарды ұстауға бөлінген қаражат шеңберінде қамтамасыз етілген. Жұмыстарды орындау кезінде өңірлердің ауа-райының климаттық жағдайлары және өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелері де ескеріледі.
Автожолдарды реконструкциялау шеңберінде соңғы жылдардағы жауын-шашын мен су тасқыны нормасына сүйене отырып, жасанды құрылыстарды салу, үйіндінің биіктігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен орынды.