Сенаторлар әскери қызмет жағдайын жақсарту мәселесін талқылады
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар әскери қызмет жағдайын одан әрі жақсарту мәселесін талқылады.
Комитет мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Отанды қорғау жолындағы әскери қызметшілердің аман-есен және дені сау қалпында үйлеріне қайтуының маңыздылығын атап өтті.
«Аналар жүрегі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері әскери қызмет кезеңінде адам құқықтарының бұзылуын, қызметшілердің қаза болуы мен жарақат алуын болдырмау мақсатында әскери органдар мен әскери бөлімдердің басшылығымен байланыс орнатудағы көмегі туралы айтып берді. Комитет заңда белгіленген тәртіппен адам құқықтарын сақтау мақсатында шақыру комиссияларының жұмысына қатысады, сондай-ақ әскери қызмет өтетін жағдайларды жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе әрекет етеді.