Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
513 541.16 4.69

Үкіметте Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды

28-03-2024, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев пен Ұлттық олимпиада комитеті Спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Парижде өтетін дүбірлі додаға дайындық жұмыстарын үйлестіру үшін жедел штаб құрылған. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар, Ұлттық олимпиада және Паралимпиада комитеттері, спорт федерациялары мен Франция елшілігінің өкілдері кіреді. 

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаевтың сөзінше, әзірге қоржынымызда 11 спорт түрінен 31 лицензия бар. Алдағы уақытта спортшыларымыз лицензия берілетін 40-тан аса әлемдік, құрлықтық, рейтингтік турнирлерде бақ сынасатын болады. Осыған байланысты лицензиялар саны артады деп күтілуде.

«Спорт түрінің өзіндік ерекшеліктерін, әрбір спортшының физиологиясы мен қажеттіліктерін ескере отырып, жекелей дайындық жоспарлары бекітілді. Федерациялардың өтініштері бойынша ұлттық құрамаларға керекті фармокологиялық заттар мен спорттық тағамдар сатып алынады. Спортшылар мен жаттықтырушыларды материалдық жағынан қамтамасыз ету жұмыстары жан-жақты қолға алынып отыр», — деді Серік Жараспаев. 

Тамара Дүйсенова спортшыларға зор үміт артылып отырғанын тілге тиек етті. Осы тұста вице-премьер додада бақ сынайтындардың сапалы дайындығы үшін барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берді.

«Елімізде мықты спорт мектептері бар. Әсіресе бокс, күрес, жеңіл атлетика секілді түрлерінен бақ сынайтындардан жұрт жүлде күтеді. Лицензияға қол жеткізген, одан үміттілермен тиісті деңгейде жұмыс жүргізілуі керек. Сондай-ақ қаржылық міндеттемелердің уақытында орындалуын мұқият қадағалау маңызды», — деп атап өтті вице-премьер.

Тамара Дүйсенова олимпиадалық резерв дайындау ісімен тұрақты айналысу қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл ретте спорт мектептері мен салалық федерациялар жұмысын жетілдіру жолдарын қарастыру тапсырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив