Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары су басқан ғимараттың төбесіндегі адамдарды құтқарды
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшақ экипажының шебер қимылының арқасында Ойыл ауданы Берсиев ауылының 15 тұрғыны құтқарылды.
Ағымдағы жылдың 29 наурызында эвакуациялық іс-шаралар кезінде майор Жәнібек Бекбаулиевтің басқаруындағы Ми-8 тікұшағының экипажы Берсиев ауылының шетіндегі қиын жағдай туралы рация бойынша хабарлама алды.
Тасқынның кесірінен елді мекеннен кету мүмкіндігінен айырылған адамдар бұл кезде үлкен жылдамдықпен келген суға батып кеткен шаруашылық құрылыстың төбесінде болатын. Адамдарға шұғыл эвакуация қажет болды.
Экипаж жедел түрде әуеге көтеріліп, зардап шеккендер тұрған жерге жетті. Тікұшақ құрылыстың төбесінен бір метр қашықтықта көмек күткен адамдарды қабылдап, Ақтөбе қаласының әуежайына эвакуациялады.
Жанармай құйған соң тікұшақтар ТЖМ қызметкерлерімен және жүзу құралдарымен Берсиев ауылындағы мектептегі тұрғындарға көмекке ұшып кетті. Эвакуация түнгі жағдайда да өтуде.
Әскери ұшқыштар құтқарушылармен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, апат аймағында қалған адамдарды құтқарып жатқанына үш күн болды.