Қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз – Әлихан Смайылов
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаз мезгілінде су қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, бүгінде республика бойынша жүзуге рұқсат етілген 487 орын бар, оның ішінде 149 коммуналдық және 338 жеке меншік жағажай белгіленген. Сонымен қатар жаз мезгілінен жақсы өту үшін жергілікті атқарушы органдар шомылуға арналған ресми және жабдықталған орындардың санын кемінде 15-20%-ға ұлғайтуы қажет.
Соңғы 3 жылда елде мыңнан астам адам суға батқан. Өткен жылы суға кеткендер саны 43%-ға азайды. Су қоймаларындағы адам өлімінің негізгі себептері – жабдықталмаған жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде шомылу және өз күшін дұрыс бағаламау.
ТЖМ судағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция департаменттері және әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, 45 мыңнан астам рейд пен патруль ұйымдастырылды, олардың барысында 480 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қауіпсіз балалар жағажайларында, стационарлық және қаңқалы-модульдік бассейндерде ТЖМ құтқарушылары әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзу дағдыларына үйретуде.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, жаз басталғалы адамдар демалатын орындарында жаяу полиция жасақтары көбейді. Білім беру ұйымдарының барлығына қоғамдық, демалыс орындарында және су қоймаларында өзін-өзі ұстау ережелері бойынша нұсқаулықтар жіберілді. Су қоймаларының жанындағы автопатрульдер суға батып бара жатқан адамдарға көмек көрсету үшін қажетті құралдардың барлығымен – құтқару белдемшесі, жилеттер, арқан және т.б. жабдықталған.
Үкімет басшысы патруль қызметкерлері жыл басынан бері суға батып бара жатқан 9 азаматты құтқарғанын айтты. Бір күн бұрын Қызылорда облысында полиция қызметкерлері каналда батып бара жатқан жергілікті жоғары оқу орнының студентін құтқарған.
«Студентті құтқарып қалған майор Ержан Әбдірамановтың ерлігін атап өткім келеді. Мұндай адамдарға алғыс айтып, оларды басқаларға үлгі ету керек», — деді Премьер-Министр.
Балаларға арналған қала сыртындағы лагерьлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, шағын көлемді кемелерді, оның ішінде судағы жаппай демалыс орындарында пайдалануды бақылау туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді.
Өңірлерде қабылданып жатқан шаралар туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
Премьер-Министрдің айтуынша, Қазгидрометтің болжауынша, биылғы жаз маусымы жылдағыдан ыстық болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық көпке дейін сақталады деген болжам бар. Яғни, суға барып демалушылардың саны да арта түсері сөзсіз.
«Жаз енді басталды, ал еліміздің су айдындарында қаза тапқандардың саны ұлғайып барады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша жаздың бірінші күні ғана 4 адам суға кетіп, мерт болды. Алдыңгүні бір күнде 9 адам, кеше тағы 4 адам суға кеткен. Қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде орын алған. Бұл – шынымен де алаңдатарлық жағдай», — деді Әлихан Смайылов.
Қазіргі уақытта шомылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда: өңірлерде шомылуға қажетті арнайы орындар жабдықталып, жаңадан жағажайлар салынып жатыр. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Үкімет басшысы республикада жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болатынын, олардың 100-ге жуығы – балалар екенін айтты. Бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді.
«Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында осы уақытқа дейін шомылуға рұқсат етілген арнайы орындар белгіленбеген. Ал Қызылорда облысында бүкіл өңір халқы үшін арнайы белгіленген 4-ақ орын бар. Алматы облысында Қапшағай су қоймасының маңындағы көптеген жеке меншік жағажайлар ресми тіркелмеген», — деді Премьер-Министр.
Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, суға шомылуға арналған қауіпсіз орындарды белгілеу жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары туралы халықты белсенді түрде хабардар етіп отыру тапсырылды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы профилактикалық жұмыстар негізінен қалалар мен аудандарда ғана жүргізілетінін айтып өтті. Ауылдық жерлерде бұған көңіл бөлінбейді.
«Сол себепті суға батқандардың басым көпшілігі, яғни 60-70%-ы ауыл тұрғындары болып отыр. Осы бағытта жергілікті жерлерде кең ауқымды жұмыстарды жүргізу қажет. Халықтың назарына судағы қауіпсіздік талаптарын, алғашқы көмек көрсету ережелерін, арнайы жағажайлар мен қауіпті орындар туралы ақпаратты үнемі жеткізу керек», — деді Әлихан Смайылов.
Одан бөлек Премьер-Министр оңтүстік өңірлердегі суару каналдары да адамдарға қауіп төндіріп отырғанын айтты: олардың көбі – қоршалмаған.
«Бұл – бірінші кезекте балалар үшін өте қауіпті. Каналдарда балалар өлімі көп жағдайда Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Бұл ретте Түркістан облысының оң тәжірибесін атап өткім келеді. Онда арыққа түсіп, құлап кеткен жағдайда өз бетінше сыртқа шығуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар орнатылуда. Өңір әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін пысықтауы қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса Премьер-Министр судағы қайғылы жағдайлардың көп бөлігі алкогольдік ішімдіктің кесірінен болғанын атап өтті. Қайтыс болғандардың 70%-ға жуығы – мас күйінде шомылғандар. Осыған байланысты ішкі істер органдарының бөлімшелері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруы қажет. Атап айтқанда, ескерту жасап, әкімшілік шаралар қолдану арқылы жағалауларда алкогольдік ішімдіктерді ішуге жол бермеу керек.
«Ол үшін демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарын күшейту қажет», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр Павлодар облысында фонтанда шомылып жүрген баланы тоқ соққан жағдай бойынша түсініктеме берді.
«Ондай жерлерде суға түсуге мүлдем тыйым салынған. Санитарлық дәрігерлер де рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың қауіпті екенін айтады. Алайда баланың аты – бала. Ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан әкімдіктер фонтандардың қауіпсіз жұмысын тексеріп, балалардың шомылуына жол бермей, бақылауды барынша күшейтуге тиіс. Бұл жұмысқа Ішкі істер министрлігі де қосылуы керек», — деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Үкімет басшысы шағын көлемді кемелерді пайдалану барысын бақылау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
«Кемедегі техникалық ақаудың кесірінен қайғылы аяқталған жағдайлар кездеседі. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек», — деді Әлихан Смайылов.