О. Анафин ЮНФПА өкілі Ч. Огбоннамен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру саласындағы (қорының бұдан әрі – ЮНФПА) Қазақстандағы өкілі Чинве Огбоннамен кездесті. Кездесу барысында тараптар демографиялық және көші-қон мәселелері бойынша ынтымақтастықты талқылады.
Кездесуді аша отырып, Олжас Анафин БҰҰ-на көпжылдық жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді. Ол ЮНФПА қорымен бірлескен жұмыстарға, атап айтқанда, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында қызмет көрсету стандарттарын әзірлеу мен енгізуге, Белсенді ұзақ өмір сүрудің Ұлттық іс-қимыл жоспарына, қарт адамдардың жағдайын жақсарту жөніндегі «Белсенді ұзақ өмір» іс-шаралар жоспарына және басқа да бастамаларға ерекше назар аударды.
«Соңғы бес жылда Қазақстанда жаңа демографиялық үрдістер байқалуда, олардың қатарында туу көрсеткішінің рекордтық деңгейге жеткені бар. Еліміздің азаматтарының орташа жасы – 32,5 жас, ал өмір сүру ұзақтығы – 75 жастан асады», – деді Олжас Анафин.
Сондай-ақ ол «Белсенді ұзақ өмір сүру» атты 2029 жылға дейінгі егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылып жатқанын жеткізді.
Жоспар шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген. Бұл орталықтар қарт азаматтардың денсаулығын қолдауға және оларды қоғамдық өмірге белсенді тартуға бағытталған. Бүгінде мұндай 127 орталық ашылып, 650 мыңнан астам түрлі қызмет көрсетіліп, 2,9 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Вице-министр сондай-ақ ҚР отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының іске асырылуы туралы айтып берді. Тұжырымдамада ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылған. Сонымен қатар ол көші-қон саясатын дамытуға бағытталған жұмыстар жөнінде де ақпарат берді.
Оның айтуынша, халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы көші-қон үдерістерін реттеу тиімділігі мен мигранттардың құқықтарын қорғау деңгейі артуда.
Қазақстан 2027 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыруда. Бұл құжат білікті кадрлардың елге келуін ынталандыруға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға, өңірлер арасындағы демографиялық теңсіздікті жоюға бағытталған.
«Тұжырымдаманы іске асыру аясында көші-қон заңнамасы жетілдіріліп, визалық режим жеңілдетілді, шетелдік азаматтарға шақыру, келу және тіркеу тәртібі оңайлатылды, визалық-миграциялық портал жаңғыртылды. Тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсімі «Электрондық үкімет» порталы арқылы барынша жеңілдетіліп, автоматтандырылды», – деп атап өтті Олжас Анафин.
Сонымен бірге ол ведомство көрсететін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға бағытталған цифрлық шешімдер жайында айтып, жаңа әлеуметтік саясаттың енгізілу барысы мен инклюзивтілік пен қолжетімділікті арттыруға бағытталған шаралар туралы мәлімет берді.
Өз кезегінде Чинве Огбонна Еңбек министрлігінің жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалап, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін атап өтті. Ол ЮНФПА мен ҚР Үкіметі арасындағы 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламаны әзірлеу барысы туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында тараптар белсенді ұзақ өмір сүру, көші-қон және демографиялық мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндігін талқылады.