Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті форматта қолжетімді болды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халыққа мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметі үшін проактивті форматты іске асырды.
Шығындардың жоғарыда көрсетілген түрін өтеу бала толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болмаған жағдайда, отбасының табысына қарамастан ата-аналардың біріне беріледі.
Бұған дейін осы көрсетілетін мемлекеттік қызметті алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалына барып немесе eGov порталына өтініш жазу қажет болатын.
Енді мобильді азаматтар базасында телефон нөмірін тіркеген жағдайда, көрсетілген әдістермен қатар қызметті 1414 нөмірінен тек бір SMS-ке жауап беру арқылы алуға болады.
Мемлекеттік қызметті проактивті көрсету процесі мүгедектігі бар баланы үйде оқыту туралы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер келіп түскен кезде автоматты түрде басталады.
Келісім алғаннан кейін жүйе көрсетілетін қызметті алушының деректерінің мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша төлем тағайындау туралы шешім немесе дәлелді бас тарту қабылданады.
Тағайындалған қаражат хабарламаға жауап беру кезінде көрсетілетін қызметті алушы көрсеткен банк шотына аударылады.
Осылайша, проактивті формат қазақстандықтарға үйден шықпай және көп уақыт жұмсамастан, қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді, өйткені мемлекеттік қызмет көрсетуге аз адам қатысады.