Кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шаралары ретінде 179 млн теңгеден астам қаражат төленді
Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық кәсіпорындардың 179,7 млн теңгеге шығындарының бір бөлігін өтеді. Аталмыш кезеңде орталыққа кәсіпорындардан мемлекеттік ынталандыру шараларын алу үшін 130 өтінім келіп түскен.
Айтап айтар болсақ, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеуге 83 өтінім түсіп, бұл бағыт бойынша өтелген қаржы сомасы 176,9 млн теңгені құрады. Өтінімдердің басым бөлігі Қарағанды облысының (25) және Астана қаласының (13) кәсіпорындарынан түскен. Салалық бөліністе бұл агроөнеркәсіптік кешен (тамақ және сусындар өндірісі) және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар.
Тауарлар мен қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету бағыты бойынша 47 өтінім түскен. Оларды қараудың нәтижесінде өтелген қаражаттың жалпы сомасы - 2,8 млн теңгені құрады. Өінімдер бойынша елорда өндірістері және салалық тұрғыдан - машина жасау кәсіпорындары белсенділік танытты.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry-де шығындардың бір бөлігін өтеуге өтінімдерді қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру тетіктерін түсіндіру мақсатында QazIndustry өкілдері телефон арқылы консультациялар беріп, Ашық есік күндерін өткізеді. Сондай-ақ, мамандар кәсіпорындарға бару арқылы және түрлі бейінді форумдар мен конференцияларда өз қызметтерін таныстырады.
Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты qazindustry.gov.kz ресми сайтынан немесе аптаның әр бейсенбі күні QazIndustry кеңсесінде өткізілетін Ашық есік күніне қатысу арқылы білуге болады.