ҚазҰУ ғалымдары күкірттің мөлшерін азайтатын брикетті көмір дайындады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары төменгі сортты көмірге бактерияларды қосып, брикетті көмір дайындап шығарды.
Бұл инновациялық жоба көмірден шығатын зиянды күкірттің мөлшерін төмендетуге септігін тигізеді.
Көшбасшы университет ғалымдары дайындаған өнім экологиялық мәселелерді шешіп қана қоймайды, сондай-ақ Қазақстан өндірісі үшін де тиімді болмақ. Себебі, Қазақстанда сапалы брикетті көмір шығарылмайды. Ғалымдардың айтуынша, брикетті көмір елімізге Қытай мен Ресейден келетін көрінеді.
Брикетті көмірді адамдар тамақ өнеркәсібінде, жылу электр орталығында, табиғатқа демалысқа шыққан уақытта және т.б. мақсатта қолдана алады.
Қазіргі таңда, университет зерттеушілері ғылыми жобаға патент алған. Енді аталған өнімді нарыққа шығаруды көздеп отыр.