Ұлттық палатада шағын және орта бизнесті қолдау шараларына арналған форум өтті
Елімізде кәсіп ашқысы келетін азаматтың «бизнесті қалай рәсімдеймін, қандай көмек бар» деген немесе кәсібін жүргізіп отырғандардың салық, құқығын қорғауға қатысты сұрақтары көп. Мемлекет қандай кәсіпке субсидия береді, қандай бизнеске грант бөледі? Кімге барамын, қайдан сұраймын? Мұндай ақпарат білгісі келетіндердің саны да жылдан-жылға артып келеді. Былтырдың өзінде Ұлттық палатаға 110 мыңнан аса адам кеңес алу үшін жүгініп, 305 мыңнан астам консультация берілді.
Сондықтан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтарға жауап беру мақсатында «Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары – 2023» форумын ұйымдастарды. Кәсіпкерлерді қаржылай және қаржылай емес қолдау ұйымдары бір алаңға жиналып, бизнеске ақпарат ұсынды.
Форумға қатысуға 600-ға жуық азамат ниет білдірді. Содан 170-тен аса адам келді, ал келе алмағандар үшін тікелей эфир жүргізілді.
Астана өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев кез келген азамат бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, заң, конкурстық мәселелер бойынша қызметтер, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларын білу үшін Ұлттық палатаға жүгіне алатынын атап өтті. Мұндай қызмет тегін көрсетіледі.
«Бүгінгі форумды арнайы өткізіп отырмыз. «Атамекеннің» трансформациясы бойынша жүргізіліп жатқан бағыттың бірі. Бизнестің түріне қарай бөліп, қолдау шараларын айтамыз. Мысалы, енді кәсіп ашқысы келетін немесе екі-үш жыл еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерге көбірек кеңес, сүйемелдеу қажет. Ал, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға да көп көмек керек. Оларға кәсіпті қалай рәсімдеу, маркетинг, салық жағынан қалай қолдау қажет. Бүгінде Ұлттық палатаның өңірлерде 190-нан аса филиалы бар. Әрбір өңірде мамандар мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, одан бөлек өзіміздің беретін қызмет түрлері бойынша қаржылай және қаржылай емес қолдау туралы толық ақпарат береді. Сол себепті кәсіпкер болғысы келетін және кәсіпкер болған кез келген азаматқа есігіміз ашық», – деп баяндады Бейсен Жолболдиев.
Сондай-ақ, форумда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықов биыл жастарға арналған қандай мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес-жобаларын іске асыру үшін жастарға қандай шағын несиелер берілетінін баяндады.
Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қаржылай қолдау, жеңілдетілген несие, сонымен қатар бизнес-процестерді автоматтандыру жайлы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев айтып береді.
«Қор үш негізгі параметрге басымдық беріп қызмет етеді. Біріншіден, несие сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, екінші несие бойынша кепілдік беру, үшінші екінші деңгейлік банктер, микроқаржы ұйымдары және лизинг компаниялары арқылы жеңілдетілген несие беру. Айта кету керек, бізде тікелей қаржыландыру жоқ. Үш құрал бойынша да серіктес қаржы институттары арқылы беріледі», – деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.
«Аграрлық несие корпорациясы» ауыл кәсіпкерлеріне, шаруаларға жеңілдетілген шағын несиелер береді. Қазақстанның ауылдық елді мекендері мен шағын қала тұрғындары ала алады. «Аграрлық несие корпорациясының» 2023 жылғы қолдау бағыттарын басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Ысқақов таныстырды.
Сонымен қатар, отандық ғалымдар кәсіпкердің түйткілді мәселесін шешіп беретін ғылыми зерттеу немесе жаңалық ұсынса, мемлекет оны қолдауға дайын. Биыл ғылымды коммерцияландыруға қандай гранттар бөлінді, ғылымды коммерцияландыру жүйесі туралы «Ғылым қоры» АҚ Ақпараттық-сараптама департаментінің директоры Динара Төлегенова баяндады.
Отандық туризмді дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын және бұл саладағы кәсіпкерлерге қандай субсидия берілетіні туралы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Жүйелік шараларды іске асыру департаментінің директоры Тимур Қожыбеков айтып берді.
Бұл ретте туризм саласында субсидия алған кәсіпкер туралы Балалар-жасөспірімдер туризмі және демалыс қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов пікір білдірді.
«Біз Зерендіде туризм бағытында бес қабатты ғимарат салдық. Энергия үнемдейтін технологияны орнаттық. Міне, осы ғимаратты тұрғызу үшін құрылыс-монтаждау жұмысымызға мемлекеттен қолдау – 10% субсидия алдық. Енді биыл көп адам осындай субсидия алуға өтініш білдіреді деген ойдамын», – деді Қайрат Сұлтанов.
Сондай-ақ, форумда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары және өндіріске цифрлық технологияларды енгізу жайлы «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Айдана Серікқызы баяндады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер уәкілетті органдардың өкілдеріне сұрақтарын қойды. Бұдан бөлек сұрақтар онлайн түсті және арнайы QR код арқылы қабылданды.
Форум жұмысын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қорытындылап, кәсіпкерлер үшін салық заңнамасындағы өзгерістерге тоқталды.
«Бүгінде Салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Басты мақсат – оны барынша жеңілдету. Салық кодексі қарапайым, түсінікті болуы үшін оңтайландырып жатырмыз», – деп түйіндеді Тимур Жаркенов.
Форумда қатысқан ұйымдардың шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы материалдарды мына сілтеме арқылы ала аласыздар.