Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Мемлекет басшысы елімізде 5G желілерін жүргізу жоспарымен танысты

25-02-2023, 20:55 Думан Кенжеғазыұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің резиденциясы Ақордада «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады. Ол Мемлекет басшысына компанияның 2022 жылдың қорытындысы бойынша негізгі қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді және ағымдағы және кейінгі жылдары іске асыруға жоспарланған жобалар туралы баяндап берді

Ірі телеком-оператор басшысының айтуынша, «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобы түрлі қиындықтарға қарамастан, 2022 жыл қорытындысын қаржылық экономикалық өсіммен аяқтады. Бұл 2023 жылы бірқатар ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Олардың негізгісі 5G желісін жүргізу жобасы болмақ: былтыр желтоқсанда «МТС» ЖШС және «Кселл» АҚ операторларының консорциумы тиісті жиіліктер аукционының жеңімпазы атанып, конкурс шарттары бойынша бұл компаниялар 2027 жылға дейін бүкіл ел бойынша бесінші буын стандартының 7 мыңнан астам базалық станциясын орналастыруы тиіс болатын. Есекеев мырза Президентпен кездесуі кезінде атап өткендей, базалық станциялардың 486-сы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 2023 жылы пайдалануға беріледі. «Қазақтелеком» АҚ консорциумға қатысушы қос оператордың бас компаниясы ретінде бұл жобаны тұрақты бақылауда ұстайды.

«Компания елімізде 5G желілерін енгізудің барлық маңыздылығы мен зор жауапкершілігін түсінеді, себебі жобаның табысты жүзеге асуы телеком-саланың ғана емес, жалпы ел дамуының негізіне айналады деп есептейміз: республикада бесінші буынның байланысын іске қосу қарқынды цифрландыру есебінен экономикадағы, өнеркәсіптегі, медицинадағы, білім берудегі трансформациялық процестерге жаңа серпін береді, одан бөлек пилотсыз көлік, VR, «Индустрия 4.0» секілді технологиялардың кең қанат жаюына мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Бұдан басқа, «Қазақтелеком» ағымдағы жылы «AzerTelecom» компаниясымен бірлесіп,«Әзірбайжан-Қазақстан» бағыты бойынша Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысына қатысты халықаралық күрделі жобасын жүзеге асырады. «Қазақтелеком» басшысының айтуынша, бүгінде болашақ су асты желісінің жоғары деңгейлі HLD дизайны әзірленіп, жобаны іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын қамтыған жол картасы бекітілді, ал зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Каспий түбі бойынша «оптика» құрылысы тікелей жүргізілетін болады. Негізгі бағыт Ақтаудан Әзірбайжанның Сиазан қаласына дейін өтеді және 340 шақырымнан асады, сонымен қатар ұзындығы 330 шақырымға жуық резервтік арна қазақстандық Құрық портынан Баку маңындағы Бузовна пунктіне дейін салынатын болады.

«Транскаспий жобасы Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды, өйткені оны іске асыра отырып, ел халықаралық трафикке қосымша шығу жолын және Азия елдерінен Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзірбайжанға жаһандық трафиктің транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа арнаға қол жеткізеді, әрі қарай Грузия, Қара теңіз, Болгария арқылы Еуропаға шығады. Сондай-ақ, жоба жаңа цифрлық телекоммуникациялық дәлізді құру үшін драйвер болады және жоғары жылдамдықты және қорғалған деректерді беру инфрақұрылымын дамытудың жоғары деңгейіне шығуға көмектеседі», - деп есеп берді Қуанышбек Есекеев Президентке.

«Қазақтелеком» ауыл тұрғындарын заманауи телекоммуникациялық қызметтермен және сервистермен қамтамасыз ету бағытында 2018-2020 жылдары жүзеге асырылған ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы базасында ауылды интернеттендіру процесін қарқынды жалғастыруда. Олардың бірі - Fixed Wireless Access, FWA технологияларын іске асыру шеңберінде таяудағы екі жыл ішінде республика қалалары мен оларға жақын орналасқан ауылдардың жеке секторының 160 мыңға жуық жеке үйлерін сымсыз технология бойынша телеком-қызметтерге қосу үшін 300-ден астам базалық станциялар орнатылатын болады.

Сондай-ақ, Президентке осы жылы республиканың 9 қаласында 25 мыңнан астам пайдаланушыға әсер ететін желіні жаңғырту жобасы шеңберінде қазақстандық абоненттерді бүгінгі таңда ескірген ADSL желілерінен «оптикаға» көшіру жөніндегі жобаның жалғасы туралы баяндалды. Бұдан басқа, «Қазақтелеком» көпқабатты үйлердің тұрғындарын GPON технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ете отырып, өзінің желілік инфрақұрылымын ұлғайтуды жалғастырады.

Кездесу қорытындысы бойынша президент телеком-оператордың Басқарма төрағасының назарын ел халқы мен экономикасы үшін жоспарланған жобаларды уақтылы және сапалы орындаудың маңыздылығына аударды. Бұдан басқа, ол қалалар мен ауылдық жерлерде телекоммуникация желілерін одан әрі дамыту, сондай-ақ республиканың транзиттік әлеуетін арттыру үшін халықаралық деректер трафигінде желілік инфрақұрылымды ұлғайту бөлігінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив