Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ХЕҰ өкілдерімен әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері талқыланды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) халықаралық еңбек стандарттары және еңбек құқығы жөніндегі маманы Миранда Фаджерманмен және ХЕҰ-ның әлеуметтік қорғау жөніндегі маманы Паскаль Анникпен кездесу өткізді. Сапар ХЕҰ стандарттарын қолдану бойынша Қазақстанға техникалық қолдау көрсету шеңберінде өтті. Кездесу барысында әлеуметтік әріптестік, еңбекті қорғау, еңбек қатынастарын цифрландыру және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ), облыстық еңбек инспекцияларының, Қазақстан Еңбек конфедерациясының өкілдері, Кәсіподақтар федерациясы, Kazenergy қауымдастығы, «ПАРЫЗ» ҚР Жұмыс берушілер конфедерациясы, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары достастығы және ҚР ХЕҰ Ұлттық кеңесшісі қатысты.
Ақмәди Сарбасов өз сөзінде қазіргі уақытта жергілікті еңбек инспекцияларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, олар ХЕҰ-ның №81 «Өнеркәсіптегі еңбек инспекциясы туралы» және №129 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» конвенцияларының ережелеріне сәйкес келетінін атап өтті. ҚР Парламентінде заңнамаға тиісті түзетулер қарастырылуда.
«Биыл Қазақстан ХЕҰ сарапшылар комитеттеріне бірқатар ратификацияланған конвенциялар бойынша есеп береді, оның ішінде 81 және 129. Біз әлеуметтік әріптестерімізбен барлық есептерді алдын ала талқылап, келісіп, бұл міндеттемені уақтылы орындаймыз.
Сонымен бірге біз әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, жұмыс орнындағы жыныстық зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алуға және жолын кесуге қатысты заңнамаға түзетулер пакетін әзірледік, олар №190 «Жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» Конвенцияның ережелеріне толығымен сәйкес келеді. Бұл жұмыс Бас келісім аясында жүргізілуде», – деді ол.
Вице-министр сондай-ақ ХЕҰ-ның «Лайықты еңбек» бағдарламасы арқылы ынтымақтастықты қалпына келтіру мәселесі Қазақстан үшін өте маңызды, оған қол қою ынтымақтастық әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Бұл сондай-ақ еліміздің жұмыспен қамту және лайықты еңбек мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі.
«ХЕҰ сарапшыларына техникалық көмек көрсетуге бағытталған Лайықты еңбек жөніндегі техникалық қолдау тобының және ХЕҰ Бюросының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Михаил Пушкиннің сапары барысында «Лайықты еңбекке жәрдемдесудің жол картасын» бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді», – деп бөлісті Ақмәди Сарбасов.
ХЕҰ жалпы мақсатты анықтау, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің сипаттамасы, іске асыру хронологиясы және жұмыстың төрт бағыты түрінде Жол картасына ұсыныстар берді:
- Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінде еңбекті қорғау және денсаулық сақтау және еңбек инспекциясын ұйымдастыру;
- «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі стандарттары туралы» ХЕҰ № 102 конвенциясына сәйкестігін салыстырмалы талдау;
- ХЕҰ-ның № 131 «Дамушы елдерге ерекше назар аудара отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясына техникалық қолдау көрсету;
- ХЕҰ-ның №87 конвенциясына сәйкес бірлестіктер бостандығын қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді тереңдету.
Өз кезегінде ХЕҰ сарапшылары ҚР Әлеуметтік кодексі мен ХЕҰ № 102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» конвенциясына салыстырмалы талдау жасады, сондай-ақ № 87 конвенцияны қолдану бойынша ХЕҰ-ға мүше басқа елдердің тәжірибесімен бөлісті.
ХЕҰ мамандарымен талқылаулар мен консультациялардың нәтижелері бойынша Жол картасы жобасының негізіне қаланатын қосымша ұсынымдар қалыптастырылатын болады.