«Алтынкөл» мен «Достық» теміржол өткелдері 100% пайдаланылуда
Өңдеуші өнеркәсіп пен Қазақстан экономикасының тұрақты өсуі үшін басты сын-қатер теңізге шығатын жолдың болмауы. Сонымен қатар, саланы дамытуды ынталандыру мақсатында Үкімет белсенді жұмыс жүргізуде, соның арқасында Қазақстан Орталық Азияның басты көліктік логистикалық хабына айналды. Соңғы 12 жылда көлік инфрақұрылымын дамытуға $32 млрд астам қаражат жұмсалды. Мыңдаған шақырымдық автомобиль және теміржол, теңіз порттары мен әуе айлақтары салынды.
Бірінші вице-премьер Роман Скляр Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қандай логистикалық қиындықтарға тап болғанын еске салды.
«Көлік — бұл ел өнеркәсібі мен экономикасына қызмет көрсетуі тиіс сервис түрі. Биыл қарқынды құрылыс жұмыстары басталатын «Бақты – Аягөз» үшінші теміржол өткелі — Қытай Халық Республикасына шығаратын жолдардың бірі. 2019 жылы «Алтынкөл» теміржол шекара өткелі мен құрғақ порттың қуаттылығы тек 25% пайдаланылды, ал «Достық» – 80-90%-ға жұмыс істеді. Қазіргі уақытта бізде осы екі өткел 100% жүктемемен жұмыс істеп тұр және үшіншісінде жұмыс басталды. Сондай-ақ қазірдің өзінде біз жүк транзиті үшін ғана емес, бірінші кезекте, өңдеу өнеркәсібі үшін төртінші өткелді құру туралы ойланып жатырмыз. Қазақстанның теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ, алайда көрші мемлекеттерде біз шығуға тиіс үлкен нарықтар бар. Бұл қымбат, бірақ соған тұрарлық шығындар», — деп мәлімдеді Роман Скляр.