Сенатта «лудоманияға қарсы» заң қаралды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды талқылады.
Құжаттар азаматтарды құмар ойындар мен бәс тігуге қатысу кезінде ойынға тәуелділіктен қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заңдарда құмар ойындар мен бәс тігуге қатысатын адамдардың шектеулі тізімін айқындау, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленеді және оларды консультациялық медициналық байқаудан өткізу енгізіледі, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамада, атап айтқанда: ғимараттарда, көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, киноларда, бейнежазбалар мен анықтамалық қызмет көрсету барысында жарнамалауға тыйым салынады.
Одан басқа, лотерея билеттерін таратуға қойылатын талаптар белгіленеді және Қазақстанда лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынады. Құмар ойындар мен бәс тігудің қауіптілігі мен зияны туралы ескертулерді ойын мекемелерінде, букмекерлік кеңселерде, тотализаторда, казинода, ойын автоматы залдарында, сондай-ақ өздерінің интернет-ресурстарында орналастыру талаптарын сақтамағаны үшін ойын бизнесін ұйымдастырушыларға әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделіп отыр.
Сенаторлардың айтуынша, заңдарды қабылдау ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыда қалыптастыруға мүмкіндік береді және ұлттық заңнаманы және олардың құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.
Суретті түсірген: А. Байжұманов