Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Екі елдің бизнес өкілдері ынтымақтастық аспектілерін талқылады

26-06-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының делегациясы «Тату көршілік, достық және өзара тиімді ынтымақтастық» ұранымен өткен Қазақстан-Қытай өңіраралық ынтымақтастығының III Форумына қатысты. Форум Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, көлік, инвестиция және мәдени-гуманитарлық әріптестіктің өзекті мәселелерінің диалог алаңы болып табылады. Кездесуге ҚХР Халық саяси консультативтік кеңесінің Бүкілқытайлық комитеті төрағасының орынбасары Гао Юньлун, ҚХР ШҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Шэн Цюпин, ҚХР Шаньси провинциясының губернаторы Чжау Ганг, Қазақстанның барлық өңірлерінің әкімдері мен олардың орынбасарлары қатысты.

Форумда сөйлеген сөзінде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол бұған дейін қол қойылған меморандумдардың арқасында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Абай облысының бірқатар кәсіпорындары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы компаниялары тарапынан логистика, күнбағыс майын экспорттау және қосалқы бөлшектер мен тоңазытқыш жабдықтарын сатып алу бойынша барлық ұсыныстарды қарауға дайын. Қытайлық серіктестермен жемісті ынтымақтастық тәжірибеміз бар. Өңірде жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірлескен құрылыс жобалары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасауды дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Минералды база мен кадрлық әлеуетті пайдалана отырып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға болады», - деді аймақ басшысы.

Әкім өңірдің жоғары туристік әлеуетіне де назар аударды.

«Бірегей табиғи ресурстар мен тарихи-мәдени мұра қазірде шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудыруда. Алакөлдің емдік суы мен инфрақұрылымы көршілес қытайлық туристерді қабылдауға дайын. Бұрыннан қалыптасқан достық қарым-қатынас пен тұрақты саясаттың арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық тек нығая түсетініне сенімдімін», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Форум аясында екі елдің бизнес өкілдерінің кездесуі өтті. Қытай ядролық корпорациясы, ШҰАА тау-кен корпорациясы, QC «LOGISTICS SYSTEMS Ltd» және т. б. ірі өнеркәсіптік компаниялар мен ұйымдар таныстырылды.

Форум барысында түрлі саладағы ынтымақтастық, әрі тәжірибе алмасуды көздейтін бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив