Бала құқығын қорғау мен қауіпсіздігі қашан да маңызды
Бала – елдің болашағы. Сондықтан әрбір баланың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Әр шаңырақта ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріліп, баланың денсаулығы, білімі мен болашағы үнемі назарда болуы тиіс.
Бүгінде Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар. Бұл – ел халқының шамамен үштен бірі. Демек, бала құқығын қорғау мәселесі тұтас ұлттың болашағымен тікелей байланысты.
Осы бағытта елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы. Аталған стратегиялық құжат балалардың әл-ауқатын арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Бұған дейін білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында жеке-жеке жүзеге асырылып келген бастамаларды өзара үйлестіріп, балаларды қолдаудың біртұтас жүйесін қалыптастыру көзделген.
Қазақстанда Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институты 2016 жылғы 10 ақпанда енгізілді. Бұл институт балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына ықпал етіп, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қызмет атқарады.
Соңғы жылдары елімізде балаларды қорғаудың нақты тетіктері де қалыптасып келеді. Атап айтқанда, «111» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы, мектептердегі қауіпсіздік сабақтары мен психологиялық қолдау орталықтары балаларға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдын алу шараларына басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
Осы тұрғыда Абай облысында жаңадан құрылған Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының жұмысы ерекше маңызға ие. Басқарманың негізгі міндеті – өңірдегі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған балаларға кешенді қолдау көрсету.
Жаңа басқарманың құрылуы – мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге және әрбір баланың мәселесіне жеке назар аударуға бағытталған маңызды қадам.
Абай облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Жаңылсын Еркенқызының айтуынша, жаңа жүйенің басты ерекшелігі – балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке уәкілетті органдардың мәртебесі заңнамалық деңгейде бекітіліп, кейс-менеджмент институтының енгізілуі.
«Ең алдымен атап өтер жайт, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке уәкілетті органдардың мәртебесі алғаш рет заңнамалық деңгейде бекітілді. Жаңа жүйеде кейс-менеджмент институты енгізіліп, қызметкерлердің жұмысына қойылатын талаптар қайта қаралды.
Бұл балаларды қорғау тәсілін түбегейлі өзгертеді. Бұрын қиын жағдайға тап болған отбасы бірнеше мемлекеттік органға өздігінен жүгініп, қажетті көмекті іздеуге мәжбүр болатын. Енді қорғауды қажет ететін әр балаға жеке кейс-менеджер бекітіледі. Ол баланы сүйемелдеудің жеке жоспарын әзірлеп, тиісті мамандардың жұмысын үйлестіреді және мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етеді.
Бүгінде облыс бойынша 15 кейс-менеджер арнайы «Өркен институтының» оқу курсынан өтті.
Сонымен қатар басқарма қызметкерлеріне заң аясында кеңейтілген өкілеттіктер берілді. Енді мамандар балалар орналасқан мемлекеттік мекемелерге, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт ұйымдарына кедергісіз кіріп, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына мониторинг жүргізе алады. Басқарманың заңды қызметіне кедергі келтірген тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік, оның ішінде айыппұл салу қарастырылған», – дейді бөлім басшысы.
Басқарма өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңды және еліміздің БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелерін басшылыққа алады.
Айта кетейік, балалардың құқықтары бұзылған немесе олардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда облыс тұрғындары «111» бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады. Сондай-ақ тиісті мәселелер бойынша Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының Instagram желісіндегі ресми парақшалары арқылы да байланысуға болады.
Бала құқығын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Әрбір бала қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс. Өйткені бүгінгі балаға жасалған қамқорлық – ертеңгі ел болашағына салынған инвестиция.