Аягөзде май экстракциялау зауытын салу жобасы талқыланды
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз қаласы маңында май экстракциялау зауытын салуды жоспарлап отырған инвесторлармен кездесті. Жиынға «Verum Group» және «Charterhouse Kazakhstan» компанияларының негізін қалаушы Айғазы Құсайынов пен «Kusto Group» компаниясының негізін қалаушы серіктестерінің бірі Қанат Көпбаев қатысты.
Кездесуде өңірде ауыл шаруашылығы, оның ішінде күнбағыс майын терең өңдейтін жаңа кәсіпорын ашу мүмкіндіктері, зауыт құрылысына қолайлы жер учаскесін таңдау және оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Инвесторлардың айтуынша, жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Олар әуелі 40 гектар аумақта күнбағыс майы өндірісін бастауға ниетті екенін жеткізді. Жоба іске асқан жағдайда өндіріс аумағын болашақта 80–120 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіпорын салынатын жердің теміржол желісіне жақын орналасуы, ауыр жүк көліктерінің жыл бойы қатынауына қолайлы болуы және республикалық әрі өңірлік автомобиль жолдарына шығуы маңызды.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды дамыту өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.




