Абай облысында биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 204 грант беру жоспарлануда
Грант алушылар қатарында жастар, көп балалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, АӘК алушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, қандастар және басқа да әлеуметтік осал топтардың өкілдері бар.
Абай облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айнұр Сұлтанова ӨКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында атап өткендей, бұл мақсаттарға 281,5 миллион теңге бөлінді.
20 ақпаннан бастап бірінші лек грантқа өтінім қабылдау басталды. 2023 жылғы 28 ақпандағы сағат 18.30-дағы жағдай бойынша портал арқылы 440 өтініш келіп түскен.
Айта кетейік, гранттар қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құсты, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алуға, сауда объектілерін жалдау ақысын төлеуге беріледі.
️Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несиелік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үйді сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.
Грант алушы грантты алған күннен бастап 3 ай ішінде өз қызметін салық органдарында тіркейді және нысаналы пайдаланылуын растайды.
Сонымен қатар жастарды қолдау мақсатында кәсіпкерлік бастамалар үшін 2,5 пайызбен шағын несие беріледі.
Несие туралы толығырақ (https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/515456?lang=ru)
Айта кетер болсақ, Абай облысы құрылғаннан бері 178 адам 400 АЕК көлемінде грант алды.