Менің өмірімдегі бір қадам
Фото: Ulysmedia
Бүгінгі жылдам өзгеріп жатқан қоғам мен жаһандану үдерісі кезінде телеарнаның маңызы қаншалықты өзекті? Тұрғындардың өміріне тиімді әсерін тигізіп жатыр ма? Иә, Қазақстан жағдайында 500-ге жуық медиа бар деп есептесек, солардың қаншасы нанымды, шынайы ақпарат таратып отыр дей аламыз. Ал оның бюджет қазынасынан толықтырылатын қаржысы жайындағы ақпараттар қолжетімді ме? Шынайы ақпарат пен жалғанның ара жігін қалай ажырата аламыз? Дәл қазір мен тізіп шыққан сауалдардың жауабын өз тарапымнан келесі бөлімде сіз бен біз болып талқылап көрсек деймін.
Аудиторияның басым көпшілігі әлі де болса Қазақстанның күнделікті саяси өмірі туралы жаңалықтарды телеарналар арқылы естіп, біледі. Бұл сөзіме тұздық ретінде азғантай дерек келтірсем деймін. Мәселен, 2023 жылы Қазақстан қоғамдық даму институы жүргізген сауалнама нәтижесінде тұрғындар арналарды негізінен жаңалықтар, спорттық трансляциялар мен сериалдар көру үшін қосады.
Сонымен қатар, шенеуніктердің айлығы мен байлығы, олар қалай өмір сүріп жатқаны жайында салық төлеп отырған халықтың білуге толыққанды құқығы бар. Ал бұл орайда журналистер барынша шынайы ақпаратты тарата алып отыр ма? Кезінде журналист Асхат Ниязовтың облыс, аудан басшыларының шынайы бет-бейнесін көрсеткен “Әкім” атты бағдарламасы “Хабар 24” арнасынан көрсетілді. Шалғайдағы халық тұрмысы және билік жоспарының қаншалықты орындалып, яки орындалмай жатқанын көрсеткен бағдарлама эфирден бірнеше жыл көрсетілгенімен, өміршең болмай шыққаны рас. Көрермен көзайымына айналған бағдарламаның көп ұзамай эфирден түсіп қалғанын естігенде мен де алаңдадым.
Жалған ақпаратпен күрес - бүгінгі басты саясаттардың бірі. Өте қажетті бастама деп білемін. Алайда жалған ақпарат - ақпараттың қолжетімсіздігінен тарайтын дақпырт. Ендеше мемлекет қаржысының қайда, қалай, қашан жұмсалып жатқанлығы толықтай ашық көрсетілуге, айтылуға тиіс деп білемін.
Халықтың сауатты әрі мәдениетті болуы мемлекеттік идеологиямен тікелей байланысты болады. Оған медиа құралдарының үлесі басымдық береді. Десе де жалған құндылықтардан гөрі, тәуелсіз ой-санаға құрылған ұстанымдар бұқараны алға шығаратын бірден бір баспалдақ деп білемін.
Бүгінде жаманатты хабарлар неге жиілеп кетті? Себебі рейтинг үшін медиа арналар медиа этика ұғымын аяқасты етуге жиі баратын болды. Ал жағымды жаңалықтарды жиі беру арқылы тепе теңдікті ұстай отырып, оқырманкөңіл-күйіне оң ықпал еткен болар едік. Өйткені артықшылық пен кемшілік қатар жүреді.
Салалық журналистика бір жолға қойылса, таңдау еркіндігі де қатар жүрген болар еді деп ойлаймын. Мәселен, бізде Nat Geo Wild сынды табиғаттың құпияға толы қойнауын көрсететін арналар жоқ. Алайда аталған каналдың журнал нұсқасы елімізде басылып шығатын алғашқы шетелдік журнал атанды. Басылым әлемнің 38 елінде 80-ге жуық тілінде ақпарат таратады. Бұл да болса аздаған жетістіктердің, жақсы жаңалықтардың бірі деп білемін.
Сөзімнің тоқ етеріне келсек, дәл қазір сіз менің арманымдағы телеарнаның нобайымен танысып шықтыңыз. Менің арманымдағы телеарна, ол – тәуелсіз арна. Жураналистер сөз еркіндігі берілсе, айтады, жазады, жеткізеді. Ең бастысы сенім деген алтын арқау қайта қалпына келер болса, оқу бітіре сала шет елдерге кеткісі келіп тұратын жастардың саны азаяр ма еді?!
Ең қиыны және оң оңайы - бізге бір қадам жасау. Сондықтан да осы қадамды бірге жасайық. Тек қана бір қадам.
Аида Мейрамғалиқызы