Жайлы мектеп: құрылыс компанияларына сатып алу қағидалары түсіндірілді
Жуық арада «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-тың ресми сайтында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қазақстанның 20 өңірінде 184 мектептің құрылысына сатып алу өткізу туралы жарияланады. Мектептердің 32 түрі жобаланатын болады. Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік палаталар және бизнеспен сатып алуды өткізу қағидаларын түсіндіру бойынша онлайн кездесу өтті.
Жиын барысында кәсіпкерлер конкурсқа қойылатын біліктілік талаптары, қазақстандық өндірушілердің оған қатысу үлесі, конкурстық рәсімдерге арналған әлеуметтік объектілер тізбесіне қандай объектілер кіретініне қатысты сұрақтар қойды.
«Бұған дейін біліктілік талаптарында әлеуетті өнім берушінің соңғы 5 жылда білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау саласында әлеуметтік объектілер бойынша 25-тен 75 мың шаршы метрге дейін құрылыс салу тәжірибесі талап етілді. Біз «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамымен келісімге қол жеткіздік. Енді критерийі әлеуметтік нысандар бойынша шаршы метрді ғана емес, сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлердің енгізілген нысандары бойынша тәжірибені де ескеретін болады», – деді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев.
Спикер Ұлттық палата әлеуетті өнім берушінің ағымдағы сот істері болмау талаптарына ескерту жасағанын, бұл ескертулер қабылданғанын айтты. Мұндай талап компаниялардың конкурсқа қатысуын шектейді. Өйткені, сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін шағымдарға қатысу жеткізушіде қандай да бір берешектің немесе талаптардың болуын растамайды.
Сатып алу және жергілікті қамту департаментінің басқарушы директоры Руслан Шоқаев бұған дейін сатып алуды қағаз бетінде өткізу туралы айтылғанын атап өтті.
«Сатып алуды электрон форматына өткізуге қол жеткіздік. ҰКП өкілдері жеткізушілерді таңдау комиссиясының бақылаушылары ретінде енгізілген. Сондықтан кәсіпкерлер конкурстық құжаттаманы мұқият оқып, барлық құжатты мүмкіндігінше дәл тіркеуі керек. Егер сұрақтар туындаса, біз апта сайын сейсенбі, бейсенбі күндері осындай кездесулер өткізуге, бизнеске көмектесуге тырысуға дайынбыз. Осылайша біз барлық олқылықты талқылай аламыз және кәсіпкерлер бұл процеске барынша тартылды», - деді Руслан Шоқаев.
Бұған дейін жобаның бірыңғай операторы ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өзінің онлайн сатып алу платформасында конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауды өткізді. Талқылау қорытындысы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар жарияланды.