Абай облысы Ром Ильматовты ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін Абай облысының тұрғындары классикалық күрестен әлем және Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің алғашқы жаттықтырушысы Ром Ильматовты ақтық сапарға шығарып салды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Абай облысының Құрметті азаматы болған Ром Хасанұлы отандық спорт тарихында өшпестей із қалдырды.
Ром Ильматов 1936 жылы 26 ақпанда Семей облысы Бородулиха ауданындағы Ауыл станциясында дүниеге келген. Еңбек жолын 1957 жылы Семей қаласындағы «Еңбек резервтері» ЕҚБ-да классикалық күрестен жаттықтырушы болып бастады. 1958 жылдың қыркүйегінен бастап Семей мал дәрігерлік институтында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей жүріп, балуандарды баптады. Институтты бітіргеннен кейін ірі жарыстарда өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Бірнеше рет Қазақ КСР құрамасы сапында КСРО чемпионаттарына қатысты.
Жаттықтырушылық еңбек жолында Ром Ильматов көптеген балуандар, атақты спортшылар мен КСРО спорт шеберлерін дайындады. Ром Хасанұлы өзінің саналы ғұмырын Семей өңірінің спортын дамытуға арнады. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосты.