Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар

24-07-2024, 10:27 018.kz

Кірпіктерге моншақ болған сағыныш

Көрнекті ақын Бауыржан Жақыптың поэзиясы туралы аз-кем сөз

Шыңғыстау мен Қарқаралының арасында Берікқара деген тау бар. Сарыарқаның текше тасты, жақпар тасты таулары сияқты ұзынынан шөккен, можа тау. 

Сұрасаң, біздің ауыл Берікқарада,

Белге соққан жыландай екі арада, –

деп халық аузында сөз қалған, сол сөзді қайта тірілтіп, көрнекті ақын Бауыржан Жақып атаме-кенін былай деп жырлайды: 

Бір тау бар біздің елде Берікқара,

Тұрады жақын жерден төніп қана.

...Аймалап айналаңды самал келіп,

Ақ бұлттан кигізіпті далам бөрік.

Тау едің қасиетті, кие қонған,

Тәу еттім, Берікқара, саған келіп...

ХХ ғасырдың 80-жылдарында қазақ поэзиясына дүр етіп бір топ жас ақын келсе, осы буынның алдыңғы легінде күркіреп өлең оқып, талантты ақын Бауыржан Жақып жүрді. Берікқара тауындай берік бітімімен келген ақын бүгінде қазақ әдебиетіндегі өзінің үлкен орнын, лайықты орнын алды. Табиғат лирикасының тамаша жыршысы Берікқара тауынан бастап туған жердің сұлу табиғатын арқау етіп бүкіл қазақ даласын жырға қосып келді. 

Жиырмаға да жетпеген жас ақынның сол жылдары оқырман қауымды жалт қаратып, әдеби ортада елдің жүрегінен орын алған өлеңі – әйгілі «Әжемнің ұршығы». Бұл жыр қазақ өлеңінің ақсақалы Әбділда Тәжібаевтың көзіне бірден түсіп, дуалы аузына іліккен шығарма еді: 

Бір сәтке, әже, тыншып па ең,

Шүйкеге мол жіп жиылып.

Отырушы едің ұршықпен, 

Уақытты қоса иіріп.

Қолыңнан шыққан сыйлықтар, 

Қонатын үйге құт болып. 

Секундтар және минуттар, 

Иірілетін жіп болып.

Сен жоқта көңіл серги ме,

Сағындық аңсап – бұл шыным. 

Иесіз қалды төргі үйде, 

Киелі сенің ұршығың.

Кетсең де алыс Күнге ұшып,

Кетпейсің естен ендеше. 

Өзің боп мені жүр құшып,

Сен тоқып берген кеудеше.

Өзімді сонда жұбатып,

Өмірге іштей күйінгем. 

Ұршық қой мына Уақыт,

Жіп қылып бәрін иірген.

Баукең  үйдің  тұңғышы  болған  соң,  әженің  бауырында  өскен,  содан  болар, әжеге  деген ұлы аңсар ақынның өлеңдерінен жиі кездеседі. Жырларындағы сарғайған сағынышы, төгілген сезімі сенің де көңіл түпкіріңдегі әлдебір жылылықты оятып, көкірегіңді күмбірлетіп жібереді. Соның бірегейі – атақты «Қолтаңба» өлеңі. Осынау жырдан құрт қайнатып жатқан әженің мейірімін, ағаш қасықтан құрттың тәтті көбігін жалаған ерке немеренің образын көріп, бүгінгі заманда  осынау  тіршілік  бейнесінің  ұлттық  сағынышқа  айналып  бара  жатқанын  жан-дүниеңмен сезінесің.

Келешек бізді күтті алдан,

Келмеске сәби күн кетті. 

Сол кезде сықпа құрттарда 

Қолтаңбаң барын білмеппін.

Құртыңды аңсап жаныммен,

Қолтаңбасын мен сағындым –

Аялы алақаның мен

Салалы саусақтарыңның.

Ақын үшін әжесі – аналық мейірімін төккен аяулы адам ғана емес, балалық бал дәуреншағының аяулы символы. Әжесінің саусағының ізі қалған ақ құрттың, ондағы перзентке деген махаббат қолтаңбасының жүректі шымырлататыны содан болса керек. Бұл деталь ақын ағасы Жүрсін Ерманның Баукеңе арнаған өлеңінен де көрініс тауыпты: 

Көрдім талай іріні,

Бауыржаным тұр дара.

Қасымдағы бір іні,

Соңымдағы бір қара.

Жазатын ол жыр түмен,

Деп ауылда қалды үйім.

Әжесінің құрты мен

Сағынатын әлдиін.

Бауыржан ақынның аңғарымпаздығы ғажап. Көзімен көргенді сол мезет сөзімен жыр су-ретіне кестелеп береді. Өлеңге өрнек бітірген бірегей суреттері шынайы, жанды, әсерлі бо-лып шығады. Өзі де «объектив – дерсің жанарым, жүрегім – фотоаппарат» дейді жас күнінде жазған бірөлеңінде. Мәселен, мына бір образ көз алдыңда мәңгі қалып қояды:

Шілдені мүйізімен шайқап іліп, 

Сиырлар бара жатыр оқалақтап.

Ақын жырларындағы жарқын образ, жаңа бейненің қазақ поэзиясына әкелген өзіндік жаңалығы екеніне әдебиет сыншыларының назар аударғаны белгілі. Мысалы, терең ұйқыға кеткен қалада таң бозынан елден бұрын тұрып, мүлгіген көшені сыпырып жатқан аула сыпырушының жырдағы бейнесін қалай ұмытасың:

Сырылмен таңды оятып, 

Сыпырып түнді жүргендей.

Мөлдіреген лирика иесінің өзінің шығармашылығының өне бойында жиірек айналып соғып тұратын бірнеше тақырыбы бар. Соның бірі – сағыныш сезімі. Туған жерге, балалық шақ, бал дәуренге деген сағынышты айттық, ал сүйген жар, ғашық жанға арналған махаббат лирикасында да ақынның сағынышы алабұртып, сарғайтып барып, жан дүниеңді баурап алады. 

Саған деген сағынышым, жан сәулем,

Ілінді ме кірпігіңе моншақ боп,–

деп ақын бір өлеңінде жырласа, енді бір жерінде:

Сағыныштан сазып кетсе жүрегің,

Сағынғаның емес пе?!

Аяулым-ау, алабұртып гүл-өңің,

Дәл осы сәт алдың ба сен мені еске?–

деп сағынған жан ғана аяулы сезімін жоғалтып алмайтынын ұқтырады. Ақынның махаббат тақырыбындағы жырларындағы лирикалық кейіпкер оқушының көңіліне сағыныштан езілген боркемік біреу емес, керісінше, ғашығы үшін жер түбіне баратын, аяулы жарына қолы жетпей тыншымайтын қайрат иесі екенін аңдауға болады. 

Ақынның тағы бір айналып соғып тұратын тақырыбының бірі – ақша бұлт. Сұлу лирика иесінің аспандағы ақша бұлтқа қол созып, оны өз шығармашылығының ақ құсындай сезінетінін байқайсыз.Мысалы, «Бұлттардың жазған жазуы...»атты өлеңінде ақша бұлтты ақындық ғұмырмен шендестіріп, тіршілік туралы пайымын философиялық тереңдікте өреді:

Қаңқылдап ұшқан қаз үнін,

Естісең, ғажап басталған.

Бұлттардың жазған жазуын

Көрдің бе оқып аспаннан.

Сыр да бар онда ғажайып,

Сан алуан түрлі бояулар.

Көбейіп, бір сәт азайып,

Үңілсең, күтіп аялдар.

Жыр да бар сол бір бұлттарда,

Шежіре шертер дастан бар.

Найзағай осып жыртқанда,

Құламай қалған аспан бар.

Мұң да бар онда, шер де бар,

Төгілген маңдай тер де бар.

Екпіндеп аққан өзенмен,

Екіленіп соққан жел де бар.

Оңаша жатыр жазығың,

Осында бәрі басталған.

Бұлттардың жазған жазуын

Оқып көр ойлы аспаннан.

Ақын шығармашылығында туған жердің аспанындағы ақша бұлтты тебірене жырлаған, өлеңсүйер қауымның жанын қиял биігіне самғатып, ажарлы сезімдерге бөлейтін мұндай жырлардың бір шоғыры бар. Шығармашылық күш-қуатты туғанжерден, оның табиғатынан, рухани мол мұрасынан, аңқылдаған адамдарынан алатын ақын «Ақша бұлт» атты өлеңінде: 

Менің жаным бір күні ақша бұлтқа айналып,  

Сол ақша бұлт айналар бір ақынның жырына, –

деп өзінің ақша бұлтын асыл музаның айнымас белгісіндей көрсетеді. Ақша бұлтты ғана емес, айнала төңірегін лирик ақын сан алуан сұлулығымен көреді. Қаздардың қаңқылынан бұлттардың жазған жазуын оқиды:

Ойсызға жұртым балама,

Ойсыздар бізде аз ба еді?!

Оятқан мені далада

Қаңқылдап өткен қаз демі.

Сағынып биін талдың да,

Сарғайып қазір шақ жүрміз.

Оятқан таңның алдында,

Аспаннан аққан ақ жұлдыз.

Оятқан мені әжемдей,

Әдемі таңның әлдиі.

Күмбірлеп аққан өзендей,

Күйшінің шерткен сан күйі.

Аспаным сөйлеп не тілмен,

Жанары бұлттың жай атты.

Сондай бір кезде бетімнен

Тамшылар сүйіп оятты.

Осындай поэтикалық суреттер ақын шығармашылығының тұла бойынан құйылып жатқандай: «шөкімдей ақ бұлт – менің жырым деп ойлағын», «ақ бұлттан кигізіпті далам бөрік», «қорғасын бұлтпын балқыған», «қара бұлт – қара сәйгүлік тауға қонады», «ақша бұлт сонау ап-пақ ән», «аруана – бұлт», «түннің алтын кебісі – айды ұрлады қара бұлт» қана емес, «періште-бұлт, жыр-бұлт, бұйра бас бұлт, бұлт-ойлар, өртенген бұлт, бәдәуи бұлт көші, найзағай төпей қамшылаған құлын бұлт» ақын лирикасының алтын жүлгесіндей болып жарқырап жатады. 

*

Алматыға 1988 жылы келіп, оқуға түскен жылдың күзінде журналистика факультетінің студенттерге арналған, М.Сералин атындағы әдеби бірлестігінің жетекшісі, ақын Бауыржан Жақып жатақханамызға келіп, осы бірлестіктің алғашқы кешін өткізгені күні бүгінге дейін көз алдымда тұр. Бірінші курстың шетінен «ауыздықпен алысып ақын болып келген дүрлеріне» өлең оқытып, асықпай тыңдап, өзі де өлең оқып, жастармен арқа-жарқа болып әңгіме айтысып тұрған Бауыржан ағамыз үлкен кісі болып көрінетін ол кезде, қазір, қарап тұрсам, сол жылы жиырма бестегі ғана жігіт екен. Журналистика факультетінің жап-жас оқытушысы болатын. 

Ағамыздың менің өмірімдегі алатын орны ерекше, ғылымдағы ұстазым болды, өмірде өз орнымды табуға септігін тигізді, ол жақсылықтарды әсте ұмытылмайды. 

Ал поэзиясы, ондағы лирикалық шеберлігі, формалық, мазмұндық жаңашылдықтары туған жеріндегі Берікқара тауы сияқты сан қатпарлы, сан текшелі екенін атап айтуымыз керек. Туған жерін, өскен халқын өлеңінің өзегі етіп алған ақын жаны ұлттық қайғы-қасіретті де жырлайды. Бұл тарапта ақынның эпикалық туындылары – «Жаңғырық», «Жан дауысы» секілді поэмала-ры арнайы тоқталуды, жеке зерттеуді керек ететін кесек шығармалар.

Бауыржан  Жақыптың  қаламынан  кейінгі  жылдары  шыққан  «Білте шамның жарығы» сияқты сүбелі жыр жинағы – бүгінгі қазақ поэзиясының  үлкен  табысы.  Ол  кітапта қазақтың  басынан  өткен  зарлы  трагедия  бар, сонымен бірге уылжыған лирика да тұнып тұр. Биыл бұл жыр кітабы 90 жылдық тарихы бар Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Ұлтымыздың ,аспан асты мен жер үстінің тағдырын толғаған тарлан талант иесіне Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұржан Қуантайұлы,

ақын, жазушы, Халықаралық “Алаш”әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив