Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

ҰЛАҒАТТЫ ЕСІМДІ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕТІН ШӘКІРТ КӨБЕЮДЕ

21-09-2023, 11:43 Мадина Айдарова

Қазағымыз өмірді ағып жатқан өзенге теңейді. Өйткені өмір – өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдірмей өтіп жатады. Сол жолда кейбір жандар өз арнасын тауып  жатса, енді кейбіреулері бастарын тасқа да, жарға да ұрып, өз жолын таба алмай жатады. Демек, өмірде өз ағысымыз бен өз арнамызды тура табуымыз үшін өзімізді, өзгелерді, қоршаған ортаны танып, біліп, рухани құндылықтарды терең меңгере отырып, адамгершілік қасиетті бойымызға дарытсақ, мақсат-мұратымызға қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сол мұратымызға жету жолында үлкен сынақтар, қуаныш пен қиындықтар күтіп тұрады.

«Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек», — деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, дүниеге келген әрбір жанның өсе келе өмірге деген құлшынысы, дүниетанымы, көзқарасы арманы болады.

Әр адамға жауапты кезең – мамандық таңдау. Өз мамандығыңды таңдап, сол бағытта оқып, жұмыс істегенге не жетсін?! Мәңгілік елдің кемел келешегінің жарқын болуы ол арыстандай айбатты жастардың қолында. Адам баласының ұрпағы болашағы болса, ұрпақтың қонған тұғыры мықты, самғар қиясы биік, барар өрісі кең болғанға не жетсін?! Бұл армандар біліммен ғана өлшеніп, білімді адам ғана осындай мақсатқа қол жеткізері анық. Білімді адам ғана биікке самғап, алысқа ұзай алады.

Адамның осындай мақсатқа жетуіне мамандықтың бір өзі тікелей ат салыса алады.

Менің мамандығым — биология пәнінің мұғалімі. Бұл ұлағатты, мәртебелі сөзді жай ғана айта салмаймын, себебі маған үлкен жауапкершілік жүктелді. Ол жауапкершілік — адамның бағдарын, бағытын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылықпен, мақсаткерлікпен тартсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы, әрі таңғажайып мәні болып табылады. Өйткені мен үлгі тұтар ұстазбын, келешек ұрпақтың үлгі тұтар сәулетшісімін. Мен өз шәкірттерімді Егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шығуына өз үлесімді қосамын. Мен «Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет даналық сөзін әрқашан да жадымда ұстаймын. Менің түсінігімде, ұстаз міндеті – өз білімін, өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңірек жатыр.

Мәртебелі мұғалім бейнесі – ол оқушы үшін өзінің күш-жігерін, уақытын сарқ етіп, алдына шәкірт, бойына білім мен тәрбие барынша дамытуды мақсат еткен мейірімді жан. Жүрегі балаға деген мейірім мен махаббатқа толы адам. Өзін-өзі танып білу арқылы әр балаға өзін-өзі табуға демеу болатын, психологиялық тұрғыдан да ғылыми сауаттық тұрғысынан да оқушыны қанағаттандыра алатын, оқушының алдында бір үлкен тұлға бейнесін бере алатын ұлы адам.

«Ұстаз болу – жүректің батылдығы» дегендей, ұстаз барлық мамандық иесін үйретуші, тәрбиелеуші, қандай да болмасын мамандық иесі ұстаздан дәріс алып, үйретіп «жақсы маман» атанады, сондықтан да мұғалім мамандығы киелі. Өз мамандығымды мақтаныш тұтып, жүрегімді бақыт кернейді.

Әркімнің жүрек қалауы бар. Әр адамның адамдығы — сөзінде емес, ісінде. Кейбіреулер «Екі қолға бір күрек», — деп жеңіл түрде ойлайды. Мен сондай пікірге қарсымын. Адамның өмірі өз қолында. Бір рет өмірге келген соң, сол өмірді мәнді, қызықты етіп өткізу керек емес пе?! Кәріс халқының «Мамандық таңдауда қателесуге болмайды», — деген сөзіне қосыламын.

Үлкендер көбінесе «Мамандықты жүрегіңнің қалауы бойынша таңдауын керек», — деп көп айтады. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз таңдаған мамандығыңды жақсы көре отырып, жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараған адам ғана өзін бақытты сезіне алады. Ал, сондай бақытқа жету үшін, сол бақытты сезіну үшін мамандық таңдағанда, жеті рет өлшеп, бір рет кесуіміз керек.

Барлық мамандықтың ішіндегі ең қасиетті, ең аяулы, таңдаулы, қызығы мен қиындығы бірге жүретін мамандық – ұста мамандығы деп ойлаймын. Өйткені, ғалым да, адамдарды емдейтін дәрігер де, ақын- жазушыларымыз да, бір сөзбен ауыз толтырып айтқанда, мамандық иелері ұстаздан білім алған. Сондықтан да, ұлағатты ұстаздарға бүкіл әлемдегі адам баласы зор құрметпен бас иеді.

Болашақ ұстаз ретінде мен ешбір сәтте есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр әл Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін шығарған емеспін. Басты өмірлік мақсатымды алтын қазыққа байлап келемін.

Менің ойлауымша, біріншіден ұстаз міндеті — жанымыздағы әрбір бала -қайталанбас, бір таңғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға тереңірек үңіле отырып, баланың ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне баратын жолды таба білу керекпіз.

Екіншіден, мұғалім баланы бар жан тәнімен сүюлері қажет. Ең алдымен рухани байлықпен бөлісуі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, жылулық, балаға деген махаббат, кешіре білу, баламен тең бола отырып сырласу, баланың сөзін тыңдай отырып, қолдау сияқты қасиеттері арқылы ғана мұғалімнің мәртебиесі жоғарылай түседі.

Үшіншіден, балаға үнемі қолдау керек. Яғни, баланы жақсы көру, оның адамша өмір сүру ортасына шамам келгенше ұйымдастыру, баланың балалық шағын ұмытылмастай ету.

Төртіншіден, мұғалімдер әр баланың мінез-құлқын, көзқарасын, әдеттерін зерттеп, әр баланың дамуын қамтамасыз ететін тәрбие сағаттарын өткізу.

Бесіншіден, алға қойған мақсаттарға кедергі келтіретін себептерді уақытында айқындап, оның алдын алу.

Мен өз мамандығымды жақсы көретіндіктен де, оның мәртебесі мені алаңдатады. Мұғалімнің мәртебесін биікке асқақтатып, биікке шығара алсақ, міне сонда ғана алдымызға қойған міндеттер, мақсаттарымыз жүзеге аспақ.

Баланы шын көңіліңмен жақсы көру керек, сырласа білуіміз керек. Баланың көңілін аудару үшін, әрбір сабағымызды қызықты мерекелік іс-шара қылып өткізуіміз керек, баланы ойната отырып оқыту керек, шешімін таба алмаған сұрақтардың жауабын баламен бірге іздеуге арланбау керек, біріккен еңбектің қадірі әрқашан да есте сақтау керек. Баланың алдында айқын, әсерлі сөйлеуге дағдылану керек, істейтін іс те, түр-әлпет те ұқыпты, жинақы, тартымды болу қажет. Баланың бойынан кемшілік емес, жетістік іздеу керек, жақсы істерді дер кезінде бағалап, қолпаштап, ынталандыру керек. Бүгінгі сабаққа қарағанда, ертеңгі күндегі сабақты қызықты өткізу керек. Ол үшін әрбір сабаққа ерекше шығармашылықпен мұқият дайындалу қажет. Бала — темір емес, робот емес, ол — өзіндік әлемі бар ғажайып жеке тұлға. Балаға біздің көзқарасымыз, жылы жүрегіміз, ыстық ықыласымыз өте керек.

«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деп ата-бабаларымыз айтқандай, заманның әйгілі қолбасшысы Ескендір Зұлқарнайынның Аристотельді, Абылай ханның Төле биді, Ш. Айтмановтың, М. Әуезовтың, қазақтың данышпаны Абайды ұстаз тұтуы — өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат.

Ұлы дана Шәкәрім ұстазды білім берген, дүниеге көзімді ашқан, өмір сүрудің қыр-сырын айтқан, тіршілігімді мағыналы, мәнді еткен адам деп, шексіз сыйлап, қастерлейді.

«Жақсы ұстаз — жақсы шәкірт жасайды» демекші, ұстаз деген ардақты мамандықты таңдағаным – соларды құрмет тұтқаным, батылдығым, табандылығым болар?!

Мен – ХХІ ғасырдың ұстазымын, Егеменді елдің ұстазы. Оқушыларыма үнемі «Шәкірт — өзінің ұстазына асып түсуге талпыну керек» деген Леонардо да Винчидің сөзін айтып отырмын. Не үшін? Өйткені, мен де жақсы ұстаз атанып, тәрбие мен білім берген ұстаздарымның алдында мәртебем биік болғанын қалаймын. Балаларға үйрету арқылы өзімді де үйретемін.

Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай, жас ұрпақты мәдениетті, ұшқыр ойлы, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлей білетін, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілікке үйрету – мына менің міндетім.

«Әрбір бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет!», — деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, әрбір баланың жарқын болашағын жасауға міндеттімін. «Мұғалім мамандығы — қиын екен», — деп одан бас тартпаймын. Сонымен бірге, өзім сияқты жас мамандарды өз мамандықтарын сүюге, талмай еңбек етуге шақырамын.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!», — деп М.Жұмабаев айтқандай, бойымызда күш -жігер, көзімізде білімнің жалыны, ешқандай қиындыққа мойымай, еңбектеніп келемін.

Ең бастысы, мен өз мамандығымды сүйіп атқарып келемін.

«Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл», — деп ұлы дана Абай атамыз айтқандай, әлі де ашыла түсерім анық.

Менің ойымша, «Ұстаз — рухы таза, ой өрісі биік, ұлты мен Отанның болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімдерін көрсетуші, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі дарқан адам. Ұлағатты ұстаз болуға дайындалып келемін.

Қорыта келе, Абай атамыздың бір шумақ өлең жолында: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп айтқандай, мен де балаларға өз білгенімді үйретіп, жаңалықтарға ұмтылып, үнемі алдыңғы қатарда көрінуге, жан-жақты білетін балаларды тәрбиелеп келемін.

«Мен барлығын білемін деген адам — дүниедегі ең білімсіз адам» деген екен дана халқымыз. Алдағы ұстаздық қызметімде болашақ ұрпақтың білім алып, «Дүниеге кірпіш болып қалануына» өз үлесімді қосамын. Болашақ ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім берумен шектеліп қалмауға, барынша тырысамын.

Әр адамның өз ұстанымдары болады. Менің де өз ұстанымым бар:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді, ішінен қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», — деп Абай атамыздың сөздерін өмірлік ұстаным етіп келемін. Жоғарыда айтылғандай, менің әрбір сөздерім Абай атамыздың қара сөздерінен, өлеңдерінен алынған. Олай дегенім, балаларға тәрбиелік мәні бар ойлары, мысалдары, қара сөздері, өлең жолдары өте көп. Соның барлығы тәрбие береді. Өзіміз де сол өлең жолдарын жаттап, тәрбие алып өстім, міне қазір өз мамандығымызды жіті меңгеру үстіндеміз. Киелі Шәкәрім шаңырағында оқып жатқанымды мақтан етемін.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив