Семейде 25 мың орындық стадионның құрылысы басталды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жаңа «Smart City» ықшамауданына барып, стадионның құрылыс барысымен танысты.
«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласы әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС арасында меморандум жасалып, 25 мың көрерменге арналған стадион салу жоспарланған. Жер телімінің жалпы аумағы – 20 гектар. Қазіргі уақытта 25 мың орындық стадионның құрылысын жүргізетін мердігер ұйыммен үш жақты келісімшарт жасалып, аумақ қоршалып, жерді қазу, тегістеу жұмыстары басталды.
Жобаға сәйкес аумақта асфальтбетонды жолдар мен алаңдар қарастырылған. Архитектуралық-жоспарлау және инженерлік-құрылымдық шешімдерді әзірлеу барысында аймақтың табиғи-климаттық және геологиялық ерекшеліктері толық ескерілді. Стадион құрылысы 2 жылдан кейін аяқталатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің бірнеше өңірі Семей қаласына бір нысаннан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Маңғыстау облысы Достық үйінің іргетасын қалады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығы мен Мәдениет үйін, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы Келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы рәміздер алаңын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.










