Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Антониу Коштамен кездесу өткізді.

Қазақстан Президенті Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың символдық мәнге ие екеніне тоқталды. Еліміз – Еуропа Одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.
– Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогымыз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін, – деді Мемлекет басшысы.

Еуропа Одағы – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 миллиард долларға жетті. Ал 2005 жылдан бері елімізге келген инвестицияның жалпы көлемі 200 миллиард долларға жуықтады. Еуропа Одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Президент энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында қызмет ететін 4 мыңнан астам еуропалық компанияның экономикамызға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның еуропалық бизнеске тұрақты әрі ашық инвестициялық климатты қамтамасыз етуге бейіл екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша назар аударып, Еуропа Одағының білім беру бағдарламаларына ризашылығын білдірді. Оның аясында 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушы Еуроодақ елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.

Мемлекет басшысы визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялар туралы келісім жасауға дайындық жұмыстары басталғанын құптады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағы мен Орталық Азияның С5+ЕО форматындағы белсенді диалогын қуаттайды. Аталған платформа орнықты өсім және өзара байланыс саласындағы ортақ мүдделерді ілгерілетуге жол ашты. Мемлекет басшысы С5+ диалогы аймақты дамытудағы басымдықтарды жүзеге асырудың тиімді тетігіне айналғанын жеткізді.

Антониу Кошта қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді Сонымен қатар Қазақстан мен Еуропа арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Еуроодақтың елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
– Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз, – деді Еуропалық Кеңес Президенті.
Мәртебелі мейманның айтуынша, Еуропа Одағы мен Қазақстан БҰҰ Жарғысында бекітілген мультилатерализм мен халықаралық тәртіп құндылықтарына арқа сүйейтін бейбітшілік ұстанымын жақтайды. Еуропалық Кеңес басшысы әлемдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өрлеуді қамтамасыз ететін күш-жігер дәл осы қағидатта көрініс тапқанын жеткізді.

Антониу Кошта Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық қазіргі көпжақты әлемдегі қарым-қатынасты ілгерілетудің маңызды факторына айналғанын атап өтті. Бұл ретте ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның пікірінше, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету Кавказ және Қара теңіз арқылы Еуропаға шығатын Транскаспий көлік дәлізін дамытуға тың мүмкіндік береді.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелері қарастырылып, көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы секілді перспективті бағыттарға баса мән берілді.
