Облыста пестицидтерді сақтайтын 12 қойма орналасқан
Абай облысы бойынша дезинфекция, дезинсекция және дератизациялау нәтижесінде пестицидтермен улану оқиғалары тіркелмеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің өнеркәсіптік, радиациялық қауіпті объектілерді бақылау және қадағалау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Құралай Тащанова баяндады.
Бүгінде облысы бойынша пестицидтерді сақтайтын 12 қойма орналасқан, олардың үшеуінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар.
Спикердің айтуынша, уланудың жалпы белгілеріне тері мен көздің тітіркенуі, жөтелу, тыныс алудың қиындауы, тұншығу, жүрек айнуы, құсу, диарея, бас айналу, әлсіздік, алаңдаушылық, ашуланшақтық, бас ауруы жатады. Сонымен қатар, пестицидтерді сақтауға арналған үй-жайларда табиғи және механикалық ішке сору-сыртқа тарту желдеткіші көзделеді. Оларды тек арнайы салынған типтік немесе соған бейімделген үй-жайларда, қоймаларда сақтауға рұқсат. Сақтау үшін жер үйлерді, жерқоймаларды, жертөлелерді және жанғыш заттарқоймасын пайдалануға жол берілмейтіндігін ескертеді.