Абай облысында ұлттық спорт түрлерінен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында республикалық турнир өтті
Абай облысының, Ақсуат ауданыңда ұлттық спорт түрлерінен «Алтын бесік - Ақсуат» спорт және өнер фестивалі өтті.
5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұлттық спорт түрлерінің бірі қазақ күресінен өгіз және түйе балуандар арасында “Асыл Арлан” атты Республикалық турнир өтті. 17 облыстан 56 спортшы бақ сынасты. Өгіз балуан бойынша 32 балуан бақ сынасып Абай облысының спортшысы Тұқышев Дидар топ жарса, 2-орын Жетісу облысының спортшысы Алтынбек Рауан иеленді. Қола жүлде Жамбыл облысының спортшысы Сүлеймен Ернұр және АОСК құрамы Нұрмаханұлы Ибрагимге бұйырды.
Түйе балуан бойынша 24 спортшы бақ сынап Абай облысының балуандары Қажыбаев Ерасыл түйе балуан атанып, Нуралинов Даурен 2-ші орын иеленді. Қола жүлде Түркістан облысының балуаны Шамшидинов Қайсар және Маңғыстау облысының балуаны Жарылғапов Нұрдаулетке бұйырды.
Ұлы аламанға жалпы саны 80 ат қатысты.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.