Абай облысында XIII Республикалық құран байқауына іріктеу өтуде
ҚМДБ Абай облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен А. Құнанбайұлы атындағы орталық мешітте құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша XIII Республикалық құран байқауына іріктеу сайысы ұйымдастырылды.
Іріктеу кезеңінде еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан облыстарынан келген 30 шәкірт бақ сынасуда. Жүзден жүйрік шыққан шәкірттер Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан өтетін ХІІІ республикалық Құран жарысына жолдама алады.
Сайыс Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу бойынша 4 номинациядан ұйымдастырылды.
Қазылар алқасының құрамында ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, елімізге белгілі ғалым Ерсін қари Әміре, Құран секторының меңгерушісі, Республикалық бас мешіттің наиб имамы Серік қари Ахмет және Қари медресесінің директоры Сәдуақас қари болып, төрағалық етуде. Баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән беріледі.
Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов жарыстың негізгі ерекшелігімен бөлісті.
Сайыстың облысымыздағы тағы бір ерекшелігі - қатысушы қарилар жүлдесіз қайтпайды. Демеушілердің көмегімен жүлде мөлшері 2 млн теңгеге жуық. Оның 1 млн 400 мың теңгесі номинациялар бойынша орын алған жеңімпаздарға берілсе, қалған қаражат қатысушы қариларға сыйақы ретінде беріледі.