Экология министрлігі орман шаруашылығы мекемелерін материалды-техникалық жабдықтау туралы: Сала тарихында алғаш рет қажетті қаржы бөлінді
Биыл Министрлік орман иеленушілердің өрт қаупі басым маусымға дайындығын бақылауды күшейтті. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, көктемде екі рет тексеру жүргізілген, нәтижесінде 124 ұйғарым, 26 әкімшілік хаттама толтырылып, әкімдіктерге ұсынымдар енгізілді.
«Маусым айында жүргізген бақылау тексерістері орман иеленушілерінің орман өрті туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайын екенін көрсетті. Негізгі ескертулер: ескірген өрт сөндіру техникасы, орман өрт сөндіру стансалары мен мұнаралар санының, сондай-ақ ерте анықтау жүйелерінің жеткіліксіздігі», — деп мәлімдеді министр.
Оның айтуынша, мемлекеттік орман күзетінің 12,9 мың және орман өрт сөндіру стансаларының 3,3 мың қызметкерінен 710 өрт сөндіру тобы құрылды және олар өрт қаупі жоғары маусымға дайын.
482 өрт сөндіру машинасы, 228 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 1518 трактор, 1307 патрульдік машинасы және 129 ұшқышсыз ұшу аппараты тұрақты кезекшілікке қойылған.
«Орман иеленушілері қолданыстағы 141 мың шақырым минералданған жолақтарға күтім жасап, жаңадан 5,4 мың шақырым белдеу құру жұмыстарын жүргізді, бұл бірінші жартыжылдық жоспарының 97,5%-ын құрайды. Сонымен қатар «Қазавтожол» акционерлік қоғамы минералданған жолақтарға күтім жасау жұмыстарының тек 60%-ын жүргізген», — деді спикер.
Өз кезегінде Ерлан Нсыанбаев, ауыл шаруашылығы құрылымдарына 13 мың ұйғарым мен хабарлама берілгенін, 49,8 мың үнпарақ таратылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 1 мыңнан астам мақала жарияланғанын атап өтті.
Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік орман күзетіның пәрменімен өрт туындауына кінәлі 13 адам анықталып, олардан 7,5 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл мен 700 мың теңгеден астам шығын өндіріп алынған.
Қазіргі таңда жанар-жағармай нормасына сәйкес 666 тонна дизель және 620 тонна бензин резерві бар.
«Қабылданған шаралар орман өрті алаңын 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3 есеге, соның ішінде орманмен көмкерілген жерлерде – 5 есеге азайтуға мүмкіндік берді. Республика ормандарында жалпы алаңы 36,2 мың гектарды құрайтын 161 өрт тіркелді, оның 12,4 мың гектары орманмен көмкерілген жерлер. Бұл ретте, биыл ауқымды өртке ауысу фактілері тіркелмеді», — деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, әкімдіктерге қарасты ормандарда жалпы алаңы 30,5 мың гектарды құрайтын 71 өрт тіркелген.
Келесі облыстардың орман мекемелері аумақтарында көлемді орман өрттері орын алды:
-
Жамбыл облысы – 19,1 мың га, соның ішінде орманмен көмкерілген жерлер – 11,2 мың га;
-
Атырау облысы – 10,4 мың га, соның ішінде орманмен көмкерілген жерлер – 463 га.
Орын алған өрттердің негізгі себептері – дала өртінің мемлекеттік орман қоры аумағына өтуі. Министрлікке қарасты ормандардың жалпы 5,7 мың гектар аумағында 90 өрт, оның 5,6 мың гектары Іле-Балқаш резерваты аумағында тіркелді.
Бұл ретте, өрттің көбі Ертіс өңірінің қарағайлы ормандарында 66 оқиға: Семей орманында – 43, Ертіс орманында – 23 оқиға орын алды. Негізгі себеп – найзағай жарқылы. Өрттердің жалпы алаңы 12 гектарды құрайды, ал бір өрттің аумағы - 0,2 гектардан аспайды.
«Биыл алғаш рет ормандарды әуеде өрттен қорғауға бюджет қаражатынан нормаға сәйкес қаржы бөлінді, бұл қолданыстағы 15 авианүктені 19 әуе кемесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдары ішінде алғаш рет жедел әрекет ету үшін еліміздің 6 өңірінде: Өскемен, Алматы, Семей, Павлодар, Көкшетау және Қостанайда су шашу құрылғысы бар Ми-8 тікұшақтары қосымша кезекшілікке қойылды. Өткен жылдары осындай кезекшілік тек Алматы және Өскеменде ғана болған», — деді Ерлан Нысанбаев.
Атап өтетін жайт, биыл ірі өрттердің таралу қаупі туындаған жағдайда жұмылдырылуы мүмкін су шашу құрылғысы бар 3 тікұшақ Семей қаласында орналастырылды: оның екеуі Қорғаныс министрлігіне және біреуі Шекара қызметіне тиесілі.
Биыл қолданыстағы техниканың 72%-ға тозғанын ескерсек, орман мекемелерін материалды-техникалық жабдықтауға орман саласы тарихында алғаш рет талап етілген қаржыландыру бөлінді, бұл өрт жиі болатын орман мекемелерінің автопаркін толығымен жаңартуға және 100% жабдықтауға мүмкіндік береді.
«Орман саласы үшін лизинг және бюджет қаражаты есебінен 47 млрд теңгеге, 428 өрт сөндіру машинасы, 389 шағын орман өртін сөндіру кешенін, 387 трактор мен 104 күзет машинасын сатып алу жоспарланып отыр», — деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар Атырау, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстары әкімдіктері тарапынан жергілікті бюджет қаражаты тек жабдықтар мен құрал-саймандар сатып алуға ғана бөлінген, өрт сөндіру машиналары мен шағын орман күзеті кешендеріне (ШОКК) қаражат көзделмеген, ал Ақтөбе облысы әкімдігінен орман шаруашылықтарын материалды-техникалық жабдықтауға мүлдем қаражат бөлінбеген.
Биыл қолданыстағы өртті ерте анықтау жүйелері Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарысты басқару орталығына қосылды. Алдағы уақытта жүйелерді республика бойынша енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. 2025 жылға «Семей орманы» резерватында жүйені орнатуға бюджеттік өтінім қолдау тапты.
Сонымен қатар әкімдіктер өртті ерте анықтау жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Осыған байланысты еліміздің жиі өртке шалынатын Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында аталған жұмысты белсенді жүргізу қажет.
«Өртті ерте анықтау жүйелерін қаржыландыруды Утильалым есебінен қайтарымды негізде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Өрт кезінде жедел шешімдер қабылдау мақсатында Министрліктің Республикалық диспетчерлік қызметі Астана қаласына көшіріліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарыс жағдайларында басқару орталығына орналастырылды. Кезекшілік тәулік бойы жүргізілуде. Министрліктің алгоритміне сәйкес Дағдарыс орталығына және орман мекемелеріне Қазгидрометтен автоматты түрде метеодеректер беріледі, осы деректер негізінде еліміздегі өрт қауіпсіздігі класы мен индексі анықталады», — деді экология министрі Ерлан Нысанбаев.
Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, биылғы 1 шілдеден бастап орман өрті станциялары қызметкерлеріне лауазымдық жалақыдан 100% көлемінде үстемеақы белгіленген.
Сонымен қатар министр Абай облысында ірі орман өртінің салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Оның мәліметінше, қазіргі таңда резерваттың 33, басқа орман пайдаланушыларының 5 бригадасы өртеңдерді игеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың бірінде харвестер типті өнімділігі жоғары екі кешен бар.
«Биыл лизинг есебінен резерватқа 5 харвестер және 7 ағаш таситын машина сатып алу жоспарланып отыр. Жұмыстар басталғалы бері 39,7 мың текше метр сүрек дайындалды», — деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар өртенген аумақтардағы ормандарды қалпына келтіру және орман дақылдарының жерсіну деңгейін арттыру мақсатында «Семей орманы» резерватында жабық тамырлы көшет өсіретін тәлімбақты кеңейту көзделіп отыр.
Ерлан Нсыанбаев орман алаңын арттыру еліміздің экологиялық жағдайына қолайлы ықпал ететінін ескере отырып, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес басқа өңірлерде де утильалым қаражаты есебінен осыған ұқсас тәлімбақ салу пысықталып жатқанын айтты.
Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы арқасында бүгінде орман өрттері қылқан ағаштардың ірі аумақтарына таралуына жол берілмеді.
«Көптеген өңірлерде жауын-шашын деңгейінің жоғары болуына байланысты шөптің қалың өсуі байқалуда, бұл күз мезгілінде республика ормандарының өрт қауіпсіздігіне ықпал ететін болады. Осыған байланысты диқаншылардың күзгі егін жинау және шөп шабу жұмыстарына облыс әкімдіктері бақылауды күшейту қажет», — деді министр.
Ерлан Нысанбаев Министрлік барлық мүдделі органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерінің алдын алу мақсатында қажетті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.