Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Ерлан Нысанбаев: Биыл жаз айлары әдеттен тыс ыстық болады, тиісінше өрт қаупі күшейе түспек

14-05-2024, 20:03 Мадина Айдарова

ҚР Үкіметі отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Министрдің мәлімдеуінше, еліміздің мемлекеттік орман қоры алқабы 30,9 млн гектарды, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер – 13,7 млн гектарды құрайды.

Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып орман өрттерінің ауқымды алқаптарға таралуына жол бермеу жөнінде бірқатар шара қабылдады.

Біріншіден – Экология, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасындағы табиғи өрттерді жою бойынша өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді.

Екіншіден – Қазгидрометтің метеорологиялық деректерін орман шаруашылығы мекемелеріне беру алгоритмі әзірленді.

Үшіншіден – Азаматтық қорғаныс академиясында мемлекеттік орман күзеті мен орман өрт сөндіру бекеттерінің 1332 қызметкері оқудан өтті.

Төртіншіден – мүдделі органдармен бірлесіп өңірлерде жаттығулар өткізілді. Абай облысында 16 мамырда орман өрттерін сөндіру бойынша «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу жоспарланған.

Бесінші – Ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелері орман ресурстарын пайдалану талаптарымен толықтырылды.

Алтыншы – орман қорын күзету, қорғау және пайдалану нормалары мен нормативтері кеңейтілуде.

Жетіншіден – Үкімет Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуын нығайту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған, жалпы сомасы 68 млрд теңгеден асатын Кешенді жоспар қабылдады.

«Өткен жылы Министрліктің табиғат қорғау ұйымдары үшін шамамен 9,0 млрд теңге сомаға 25 өрт сөндіру автокөлігі, 51 шағын өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдік автокөлігі және 655 бірлік өртке қарсы жабдықтар сатып алынды. Әкімдіктер жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлік, 127 трактор және 76 патрульдік автокөлік сатып алды», — деді Ерлан Нысанбаев.

Айта кету керек, бұған дейін орман шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтандыруға мұндай қаржы көлемі бөлінбеген. Мемлекеттік орман иеленушілері жаңа техниканы сатып алуына қарамастан қолда бар техниканың тозу деңгейі жоғары: өрт сөндіру машиналары 72%, тракторлар 50% және патрульдік автокөліктер 55%-ды құрайды.

Биыл Кешенді жоспар аясында материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жалғасып келеді. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге, министрліктің табиғатты қорғау мекемелері үшін 15,4 млрд теңге бөлінді. 

«Сонымен қатар өкінішке қарай, өз шешімін таппай отырған бірқатар түйткілді мәселелер бар. Пайда болған орман өрттеріне шара қолданудың жеделдігі олардың уақтылы анықталуына байланысты. Еліміздің орман мекемелерінің кейбірінде өрт бақылау мұнараларының саны нормативтерге сәйкес келмейді. Ең нашар жағдай Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне өрт бақылау мұнараларын орнату және жөндеу шараларын қабылдау қажет», — деп баса айтты министр.

Оның айтуынша, орман өрттерін жедел анықтау үшін жаңа технологиялар енгізу қажет. Мысалы Беларусь Республикасында ормандардың аумағы ерте анықтау жүйесімен толық қамтылған, соның арқасында 2020 жылғы орын алған орман өрттерінің орташа көлемі 10 гектардан өткен жылы 0,4 гектарға дейін азайған.

Қазақстанда мұндай жүйелер «Бурабай», «Көкшетау», «Медеу» табиғи саябақтарда және «Ертіс орманы» резерватында жұмыс істейді. Орман өрттерін ерте анықтау жүйелерінен алынған деректер Министрлік жанынан биыл құрылатын Ахуалдық орталыққа берілетін болады.

«Жүйелерді енгізу жұмыстарын Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының өрт қаупі жоғары аймақтарында және «Семей орманы» резерватында жалғастыру қажет. Резерватқа 2025 жылғы 4,1 млрд теңгеге тиісті өтінім Қаржы министрлігіне енгізілді», — деді экология және табиғи ресурстар министрі.

Елімізде норма бойынша 729 орман өрт сөндіру стансасы қажет болса, қазір бары – 254. Олардың көпшілігі өткен ғасырдың 60–70-ші жылдары салынған. Аталған өңірлер қолда бар орман өрт сөндіру стансаларын күрделі жөндеуден өткізу және жаңаларын салу бойынша шаралар қабылдауы қажет.

«Осы орайда Қарағанды облысын атап өткім келеді, мұнда өткен жылы эмиссиялар төлемдерінен түскен қаражат есебінен толық жарақтандырылған 5 жаңа орман өрт сөндіру стансасы салынды. Министрліктің аумақтық инспекциялары мемлекеттік орман иеленушілердің өрт қауіпті маусымына дайындығын тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша облыс әкімдіктеріне тиісті ұсыныстар енгізіліп, 124 ұйғарым шығарылды, 2,1 млн теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар бойынша 26 хаттама толтырылды. Тексеру Павлодар, Ақмола, Қостанай, Жамбыл облыстарының орман мекемелері мен «Семей орманы» резерватының дайындығы нашар екенін көрсетті», — деді министр. 

Оның айтуынша, дайындық жағдайының төмен болуының негізгі себептері мынадай:

  • орман өрт сөндіру стансаларының болмауы;

  • өрт сөндіру автокөліктерімен, тракторлармен, радиостансалармен және құрал-саймандармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі.

Бүгінде орман күзетінің жеке құрамы санының жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Орман орналастыру материалдарына сәйкес орман күзетінің жеке құрамдарының саны Ақмола облысында – 504 бірлікке және Шығыс Қазақстан облысында – 833 бірлікке тапшы. Бұл жағдай ормандарды өрттен қорғауға да кері әсерін тигізіп келеді.

Өрттерді сөндіру үшін орман шаруашылықтарының балансында 275 өрт сөндіру автокөлігі бар, бұл қолданыстағы тиісті норманың шамамен 111%-ын құрайды. Алайда оның 198 өрт сөндіру автокөлігі немесе 72%-ы есептен шығарылатын техникаға жатады. Тексеру қорытындылары бойынша елімізде 158 бірлік жүрмейтін техника бары анықталды. Бүгінгі таңда орман иеленушілер 121 бірлік техниканы жөндеп қатарға қосты, қалғандары жөнделіп жатыр.

Бүгінде орман қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысын көтеру – маңызды мәселелердің бірі. Өткен жылы мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне үстемеақы төлеу туралы шешім қабылданды, бұл міндеттемелерді орындау үшін қосымша 3,8 млрд теңге қажет. Аталған мәселе Қаржы министрлігімен пысықталуда.

Сондай-ақ өткен жылы орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлері мен десантшы-өрт сөндірушілер жалақысы көтерілмегендіктен, республика бюджетінен қосымша 2,3 млрд теңге қажет.

«Министрлік аталған мәселені шешу мақсатында Үкімет қаулысына тиісті түзетулер әзірледі. Жоба мемлекеттік органдармен келісілді және келесі республикалық бюджеттік комиссияның қарауына ұсынылады. Биылғы жағдайға тоқталар болсақ. Қазірдің өзінде жалпы ауданы 12 мың гектарға жуық 30 орман өрті тіркелді. Атырау облысының орман мекемелерінің ормансыз жерлерінде 10 мың гектардан астам ауқымды өрттер тіркелді. Осы орайда Атырау облысы әкімдігінің төрт орман мекемесінде өрт сөндіру автокөліктерінің жоқ екенін атап өткім келеді», — деді министр. 

Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, биылғы орын алған ірі өрттердің негізгі себептері дала өрттерінің орман қорына өтуінен туындаған. Аудан әкімдіктері тарапынан дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз. Орман шаруашылығы мекемелері жоспарланбаған шығынға ұшырай отырып, дала өрттерін сөндіруге қатысуға мәжбүр.

Қазгидрометтің ақпараты бойынша биылғы жаздың әдеттен тыс ыстық болатыны болжануда. Осыған байланысты облыстар әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет.

«Министрлік өз кезегінде мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерінің алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылдауда», — деп қорытындылады сөзін Ерлан Нысанбаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив