Париждегі Олимпиаданың тікелей трансляциясы отандық телеарналарда рекордтық көрсеткішке жетті
Қазір Парижде өтіп жатқан Олимпиаданы отандық 5 телеарна көрсетіп жатыр. Қазақстандықтар «Qazaqstan», «Qazsport», «Jibek Joly», «Ел арна» және «Хабар» арналарынан тікелей эфир арқылы тамашалауда.
«Хабар» агенттігі» АҚ 26 шілдеден бастап «Хабар» және «Ел арна» арналарында Парижде өтіп жатқан Олимпиаданы тікелей эфирде көрсете бастады. «K Research Central Asia» мәліметінше, бес күн ішінде телеарналар 8 бағыт бойынша 24 хабар таратып, жалпы аудитория 1 394 769 адамға жеткен.
«Хабар» арнасындағы бокс бәсекесін 229 438 адам, «Ел арнадан» 254 054 адам тамашалап, ерекше қызығушылық тудырды.
Трансляцияны агенттік сайтыннан 1 158 471 адам, YouTube платформасында 4 451 424 адам көрген. 5 күн ішінде «Хабар» агенттігі платформаларындағы барлық хабардың жалпы аудиториясы 32 миллионға жетті.
Сондай-ақ «Қазақстан» мен «Qazsport» телеарналары да рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Сараптама нәтижелері бойынша Жазғы Олимпиаданы аталған телеарналардан 6 075 365 адам көрген, оның ішінде 4 492 947-сі теледидардан тікелей трансляцияларды, 1 489 471-і ресми сайттар мен Qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы тамашалаған. Әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланған контент 65 миллион қаралымға жетті.
Қазір Жазғы Олимпиадада бес телеарнада 26 комментатор жұмыс істейді. Сондай-ақ қазір Парижде «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігінің арнайы түсірілім тобы жұмыс істеп жатыр.