Мақаншыда жұрт күткен жұмыстар бастау алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жыл басында жаңадан ірге көтерген Мақаншы ауданының мәселесі әлі де шаш етектен. Өз алдына дербестігінен кеңестік дәуірде бір рет, оңтайландыру жылдарындағы саясатта екінші рет айырылған ауданның үшінші рет құрылғандағы қазіргі жағдайына жақында куә болып қайтудың сәті түсті.
Иә, рас, қай нәрсенің болсын, кем-кетігін бүтіндеу, жоғын түгендеу бірден бола қоймайтыны белгілі. Дегенмен, аудан экономикасының көтеріліп, біртіндеп әл-ауқатының артатынына мүмкіндік мол. Қытаймен тауар айналымда маңызды рөл атқаратын Бақты кеден бекеті, турист тартуға әлеуеті зор Алакөл демалыс аймағы тағы да басқа мемлекеттік маңызы зор жобалары сәтті жүзеге асуына бірер жыл уақыт керек.
Аудан орталығын аралағанда көзге түсетін бір келеңсіздік – жергілікті тұрғындардың қоқыс қалдықтарын тастамауға, тазалық сақтауға салғырт қарайтыны, иелігіндегі жылқы, сиырын көшеге жібере салатыны.
Ресми дерекке жүгінсек, Мақаншы ауданы халқының жалпы саны – 27 869. Оның 12741-і аудан орталығында тұратынын ескерсек, ақсақалдың алаңдайтын жөні бар. Оның үстіне Қытаймен шекаралас жатқан ауданда одан өзге ауқымды істер шешімін күтіп тұр.
Аудан әкімі қызметіне ақпан айында тағайындалған Дәурен Қойгелдин жаңадан ашылған бюджетін нақтылау үшін де әлі де біраз жұмыстар атқару керектігін жасырған жоқ.
Д. Қойгелдиннің айтуынша, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңадан 9 медициналық нысан бой көтеретін болады. Оның біреуі аудан орталығында болса қалғандары ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Сондай ақ бүгінгі таңда аудан көлемінде 2 пәтерлі 25 бір қабатты үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған пәтерлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына кезек бойынша берілетін болады.
Аудан ішін аралай жүріп бұдан өзге де жергілікті басшылықтың ұйытқы болуымен, оңтайлы жұмыстарға да куә болдық. Соның бір көрінісі – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында ішкі көше жолдарына асфальт төселе бастағаны. Қазіргі күнде «Ярус» ЖШС төрт көшенің екеуін (Әсет Найманбайұлы және Талмурзин) асфальттап үлгеріпті. Жыл соңына дейін 140 орындық балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Ең бастысы жергілікті басшылық пен жұртшылық бірін-бірі түсіне білсе, көш жүре келе түзелетіні күмәнсіз.